Жаңалықтар

Автокөліктерге салынатын салық 30%-50%-ға дейін азаяды: ҰЭМ жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырды

автокөліктерге
Автокөліктерге салынатын салық көлемі 30%-50%-ға дейін төмендейді / Фото: kursiv.media;

Автокөліктерге салынатын салық көлемі төмендейді. Атап айтқанда, 10 жылдан асқан автокөліктер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автокөліктер үшін – 50%-ға төмендейді. Бұл жайлы мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

Ұлттық экономика вице-министрі жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырды. Министрлік өкілі президент тапсырмасынан кейін кодекстің қандай өзгерістерге ұшырағанын түсіндірді.

«Жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ, қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін – 50%-ға төмендетілетін болады»,- деді министрлік өкілі.

Сонымен бірге бұрынна талқыланып келе жатқан «Сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін жаңа тетіктер ұсынылған. Олар келесідей:

  • жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі артады;
  • кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салынады;
  • қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салынады.

Сонымен бірге шағын бизнеске қатысты арнай салық режимдерін реформалау көзделген. Жаңа жобада ол режимдер оңтайландырылып, тек 3 режим қалады.

Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим ұсынылады, онда ЖТС мөлшерлемесі нөлге тең. Табыстың шекті мәні – жылына 15 млн теңгеден аспайды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес. Мөлшерлеме айналымнан 4%. Олар 2% – МЖА, 1% – ӘМСМ, 1% – ӘСМҚ.

Екіншісі – оңтайландырған декларация негізіндегі АСР. Мәслихаттардың мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендету құқығын сақтай отырып, В2С операциялары үшін 4%-дық мөлшерлеме, сондай-ақ В2В операциялары үшін 12%-дық мөлшерлеме. Ал айналым бойынша ұсынылатын шекті мән – жылына 600 мың АЕК. Осы АСР қолдану үшін қызмет түрлеріне тыйым салу тізімі ұсынылады.

«Жұмысшылар саны шектелмейді. Сондай-ақ, осы режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС төлемейді»- дейді Әмрин.

Үшінші режим – шаруа және фермер қожалықтары үшін режимді сол күйінде сақтау ұсынылады. Тек бірыңғай жер салығының орнына ЖТС төленбек. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу ұсынылған.