Жаңалықтар

«Халық кедейленіп, банктер байып жатыр»: депутат ірі бизнеске корпоративтік табыс салығын көтеруді ұсынды

кедендік түсімдер
Депутат жаңа Салық кодексін сынады / Фото: kursiv.media

Депутат Азат Перуашев Ұлттық экономика және Қаржы министрлігі әзірлеген Салық кодексін сынға алды. Мәжілісте министрлік өкілдері жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырды.

Перуашевтің айтуынша, министрліктер ұсынып отырған cалық саясаты әділ емес. Депутат жаңа кодекс «ұсақтардың тұтылып, ірілердің құтылып» кетуіне жол беретінін айтты.

«Неге банктердің корпоративтік табыс салығы (КТС) небәрі 25%-ға дейін ғана? Банктер қосымша құн салығын (ҚҚС) мүлде төлемейді. Босатылған. Неге сол 12%-ды оларға КТС үстінен қосып бермеске? Мәселен, КТС-ті 30-35%-ға өсіруге болмай ма? Олар да ауыртпалықты теңдей көтеруі керек. Қарапайым халық кедейленіп, жыл сайын жағдайы нашарлап жатса, банктердің активі артып, табысы көбейіп жатыр. Салмақ барлығына теңдей түсуі керек», – деді депутат.

Сонымен бірге ол жер қойнауын пайдаланушыларға шикізат экспорттағаны үшін ҚҚС-ті қайтару мәселесінде де әділдік жоқ екенін айтты. Ол өнімді шикізат күйінде экспорттайтындарға ҚҚС-ті 50% көлемінде қайтаруды, ал шикізатты өңдеп дайын өнім экспорттайтындарға 100% деңгейінде қайтару мәселесін көтерді.

«Бізге бюджетті толтыру керек қой. Неге біз шикізатты елден сыртқа сатқандарды ғана ынталандыруымыз керек? Негізі жер мен кен байлықтары халыққа тиесілі. Кен байлықтарынан түскен салықты біз шетел инвесторлары мен олигархтарға қайтарып жатырмыз»,– дейді Перуашев.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Салық кодексінің өте күрделі құжат екенін айтты. Осы орайда КТС, ҚҚС мәселесін шешу оңай шаруа емес екенін жеткізді. Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жер қойнауын пайдаланушыларға басқа механизмдер арқылы әсер етуді көздеп отырғанын мәлімдеді.

«Шикізаттың экспортына қатысты ұсынысыңызға келетін болсақ, біз оларға басқа талаптар қойғымыз келіп отыр. Қазір шикізатты өңдеуге қатысты мехнизмдерді дамытуды көздеп отырмыз. Солайша шикізатты елде өңдеуді ынталандырғымыз келеді», – деді Біржанов.

Перуашев шенеуніктердің жауабына көңілі толмай, бұл мәселеге қатысты әлі талай тартысты пікірталастар күтіп тұрғанын айтты.

«Сіздерді тыңдап отырсам, баяғы сол майда шабақтарға яғни шағын және орта бизнеске, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, таксистерге қысым көрсетіп жатырсыздар. Ал расымен, елден табыс көріп отырған олигархтарға, банктерге, шикізат өндірушілерге айтарлықтай салмақ түсіп отырған жоқ. Салық саясаты ыңғайлы әрі әділ болуы керек. Президент те дифференцияланған салық төлемдері туралы айтқан еді. Ал сіздер салықтың бар ауыртпашылығын ұсақтарға артып қойғыларыңыз келеді. Біз бұл мәселені әлі де көп талқылауымыз керек», – деді депутат.

Осы орайда комитет төрайымы Татьяна Савельева да орта және шағын бизнестің салық түсімдері бойынша норманы асыра орындағанын, ал ірі бизнестің түсімдері туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмайтынын жеткізді.