Сархат Бейсенова Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер боп тағайындалды

Жарияланды
санврач
Сархат Бейсенова бас санитарлық дәрігер болып тағайындалды / Фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып Сархат Бейсенова тағайындалды. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Сархат Сағынтайқызы Бейсенова Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне тағайындалды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Бейсенова 1972 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институты мен Тұран-Астана университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1989 жылы Ақмола облыстық онкология диспансерінде санитар қызметінен бастаған.

Ал 1996-1998 жылдары — Ақмола қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық стансасының дәрігер-эпидемиологы болып тағайындалып ары қарай осы сала бойынша басшылық қызметтерді атқарған. Бейсенова Денсаулық сақтау министрлігінен бөлек, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде де қызмет атқарған.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Еске сала кетсек, бұған дейін елдің бас санитарлық дәрігері қызметін Айжан Есмағамбетова атқарған. Алайда оның 10 шілде күні қызметінен босатылғаны хабарланды. Есмағамбетова басқа жұмысқа ауысқан. Ол бұл қызметке 2022 жылдың ақпанында Ерлан Қиясовтың орнына тағайындалған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз