Электромобильдерге сұраныстың артуына байланысты Қазақстан сирек металдар өндірісіне инвесторларды көптеп тартуды көздеп отыр – Reuters

Жарияланды
Қазақстан сирек металдардың кен орындарын барлауға осы 487 лицензия берген / Фото: kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металдардың өндірісіне инвесторларды тарту үшін барлау лицензияларын осы жылы өткен жылмен салыстырғанда көбірек берген. Қазақстан бұл салаға көптеп инвестор тарту арқылы электромобильдердің аккумуляторына қажетті металл өндірісін арттыруды көздеп отыр. Бұл жайлы Reuters агенттігіне берген сұхбатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтқан.

Министр сирек металдардың кен орындарын барлау мен игеруді жеделдету үшін барлауға лицензия беру рәсімдері онлайн форматқа көшіріліп, жеңілдегенін, соның нәтижесінде 2023 жылы 397, 2024 жылы 487 лицензия берілгенін айтқан.

Сонымен бірге Шарлапаев Қазақстанның Еуропалық Одақ елдеріне маңызды материалдарды жеткізуде үлкен сенімге ие болғанын, қазіргі уақытта елдің ЕО-мен және Ұлыбританиямен маңызды пайдалы қазбаларды жеткізу туралы келісімдерге қол қойғанын атап өткен.

«Көпшілік Қазақстанның өте сенімді екенін біледі… Біздің нарықтарды түрлі өніммен қамтамасыз етіп келе жатқанымызға талай жыл болды», – деген министр.

Шарлапаев әлем бойынша электромобильдерге сұраныстың артуына байланысты литий, кобальт, марганец, никель және графит сияқты аккумуляторлық материалдардың нарықтағы үлесін ұлғайтуды көздеп отырғанын жеткізген. Сонымен бірге Қазақстан марганецті қазірдің өзінде өндіріп жатыр. Ал өткен жылдан бастап, марганец сульфатын өңдеуді бастаған. Министр пікірінше, Қазақстан осы қарқынымен аккумулятор материалдарының әлемдік нарығының 10%-ын басып алуға қауқары жетеді.

Шарлапаев сонымен қатар танымалдығы артып келе жатқан LFP (литий феррофосфат) батареяларына қажетті материалды өңдеу жоспары туралы да айтқан.

«Біз осылайша аккумуляторлық металдарды қайта өңдеу ауқымын кеңейткіміз келеді. Елде қазірдің өзінде өндірістік қуат бар, жалғыз мәселе – бұл материалдардың ассортиментін кеңейту», – деп мәлімдеген Шарлапаев.

Басылым хабарлауынша, Мәскеу Батыстың санкцияларына жауап ретінде уран, титан, никель және басқа да өнімдердің экспортын шектеу мәселесін қарастырып жатыр.
Ал Қазақстан уранның да, титанның да әлемдік ірі жеткізушісі саналады. Осы орайда елдің сирек металдарды экспорттауда әлеуетін арттыруға жол ашылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз