Жаңалықтар

Қазақстанның кейбір өңірлерінде үсік жүреді – «Қазгидромет»

үсік жүреді
Қазақстанның орталығы мен шығысында үсік жүреді / Фото: Pexels/Tom Swinnen, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан өңірлерінде алдағы бірнеше күнде жел күшейіп, үсік жүреді. Бұл жайлы «Қазгидромет» хабарлады.

Синоптиктер болжамына сәйкес, 17 қыркүйек күні Астанада ауа температурасы күрт төмендейді. +1 градусқа дейін күн суытып, түнде топырақ бетінде үсік жүруі мүмкін.

Қарағанды облысында да ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендеп, үсік күтіледі. Ал күндіз солтүстік-шығыстан жел соғып, облыстың батысында, шығысында, орталығында екпіні 15-20 м/с, облыстың оңтүстігінде 23 м/с дейін жетеді деп болжануда. Сонымен бірге жоғары өрт қаупі сақталады.

Көрші Ұлытау облысында да жоғары өрт қаупі сақталып, жел соғады. Солтүстік-шығыстан және шығыстан соққан жел екпіні 15-20 м/с құрауы мүмкін.

Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да жел екпіні күшейіп, күн суытады. Ал Қызылордада жел соғып, найзағай ойнайды. Салдарынан өрт қаупі артады.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында ауа температурасы 3-4 градусқа дейін суытып, түнде үсік жүруі мүмкін. Өскемен қаласында да түнде ауа температурасы 2-4 градусқа төмендеп, үсік күтіледі. Сонымен бірге бұл аймақта жел екпіні 23-28 м/с дейін күшейеді деп болжануда.

Ал Алматының ауа райы ауысып отырады. Жел соғып арасында дауылдатып, жаңбыр жауады. Осындай метреологиялық жағдайға байланысты қала көгінде ластаушы заттар жиналып, қаланың ауасы қатты ластанады.

«17 қыркүйек күні, 18 қыркүйекке қараған түні метеорологиялық жағдайлар қала атмосферасында ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді. Жалпы, қала бойынша ауаның ластану деңгейінің жоғарылауы күтілуде»,- деп хабарлайды «Қазгидромет».