Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Германия» саммитінде Астана мен Берлин арасындағы ынтымақтастықты арттыру жолдарын айқындап берді. Энергетика, сауда айналымын арттыру, шикізат өндіру бойынша бірлескен жобалар және басқа да маңызды дүниелер қамтылды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев «Орталық Азия – Германия» саммитін ашып, Германия канцлері Олаф Шольц пен Орталық Азия елдерінің басшыларына аймақтық қауымдастығына қолдау білдіріп, қатысып отырғанына ризашылығын білдірді.
Президент жоғарғы деңгейдегі диалогтың тұрақты және өзара сенімге негізделгенін атап өтті. Бұған былтыр қыркүйек айында Берлиндегі кездесу бастау болған.
«Бүгін біз маңызды мәселелерді талқылап жатырмыз. Сауда, инвестиция, энергетика, экология, транспорт және логистика, білім бері мен ғылым секілді салалар туралы сөз қозғалып отыр. Біздің конструктивті талқылау елдерімізге пайдасын тигізетін нақты шешімдерге әкеледі деп сенемін», – деді Тоқаев.
Президент Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық прогресі басқа елдерге үлгі болатынын атап өтті. Германияның тең құқықты әріптестік орнату ниетін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мүдделерді ескере отырып, бірлескен жұмыс бағыттарын айқындап көрсетті.
Біріншісі, тауар айналымын арттыру. Оған бірлесен аймақтық жобалар мен тауарлардың артуы ықпал етеді. Мәселен, Қазақстан Германияға құны 850 млн доллар болатын жүз тауар бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын.
Басымдық беріліп отырған екінші бағыт – энергетика саласында ынтымақтастықты арттыру. Президент Қазақстанның неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір екенін айтты.
«Біздің еліміз Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесе отырып, Каспий теңізінің табанымен «жасыл» энергия желісінің құрылысын салу жобасын әзірлеп жатыр. Германиялық әріптестерімізге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.
Үшінші бағыт, өнеркәсіптік қауымдастық. Оның ішінде өте маңызды материалдарды Германияға жеткізу де бар. Президент неміс компанияларын бірлесе отырып, геобарлау жасауға және сирек жер металлдарды өндіруге шақырды. «Шикізатқа – технология» қағидасымен ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынды.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Орта дәлізді дамыту үшін Global Gateway бағдарламасы аясында еуропалық әріптестердің 10 млрд еуро бөлу туралы шешімін қолдайды. Сонымен қатар «жасыл» экономикаға көшу, су ресурстарын сақтау мәселелесіне де баса назар аударды.
Саммит барысында Германия канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев сөз сөйледі. Саммит қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Германия басшылары арасында бірлескен декларация қабылданды.