«Шұбаркөл Премиум» KASE арқылы 2024 жылдың 13 қыркүйегінен бастап эмитенттің дауыс берші ацияларының он және одан көп пайызына иелік ететін акционерлер құрамының өзгергені туралы хабарлады.
Енді «Шұбаркөл Премиум» акционерлерінің құрамында Ибрагимов Шухрат Алимджанович, Кеңес Рақышев Хамитұлы көрсетіліп отыр. Ал «Шұбаркөл премиум» құрылтайшылары: FCI Management LLP ЖШС, «Trans Coal Investment group» ЖШС және Joint Resources АҚ болған. Бұлар енді эмитент құрамынан шығып отыр.
Қазақстан қор биржасының дерегінше, Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5% акциясына иелік еткен еді. Қаржы есептері бойынша, Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев.
Statsnet деректері бойынша, «Шұбаркөл премиум» 49 075 380 664 теңге салық төлеген. 2023 жылы жылдық түсімі 12 143 841 549 теңге деп көрсетілген.
FCI Management LLP құрылтайшысы – Сагдиева Раушан Махтаевна. Trans Coal Investment group құрылтайшысы – Елимесова Шынар. Бұл жауапкершілігі серіктестің 2022 жылы жылдық түсімі 86 913 750 теңге болған.
Кеңес Рақышев табиғи ресурстар саласында құрығын кеңейтіп отыр. Таяуда ғана Fincraft Group арқылы 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап Beineu Petroleum Limited жекеменшік компаниясының 40 % үлесіне иелік еткен болатын.
Forbes.kz нұсқасы бойынша Кеңес Рақышев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 19-орында. Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады.