Жаңалықтар

Мұнай өндірісі неге ақсап жатыр? Сарапшы себептерін көрсетті

Фото: кursiv.media мұрағаты

Статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстан жоспарланған мұнай көлемін өндіре алмайтыны байқалады. Қашаған кенішінде 3 қазанда жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Бұл да белгіленген меже – 90,3 млн тоннаға қол жеткізуді қиындата түспек. Қаңтар айында Энергетика министрлігі 2024 жылға арналған өндірудің жоспарлық көрсеткішінде осындай көлем бекіткен болатын.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алғашқы алты айда мұнай мен газ конденсатын өндіру 59,307 тонна болды. 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,6 %-ға азайған. Ал 2023 жылы 89,9 млн тонна өндірілген болатын. Тамыз айының аяғында Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерді орындауға байланысты «түзету жоспарын» әзірлеп жатқанын айтты. Қаңтар-тамыз айларына қатысты мәліметтерге сүйенсек, орта есеппен айына 7,413 тонна өндірілген. Демек ең сәтті жағдайдың өзінде жылдық көрсеткіш 88,96 тоннадан аса алмайды.

Энергетик Абзал Нарымбетовтің пікірінше, мұнай өндірісінің азаюының өзіндік себептері бар. Бастысы – ішкі нарыққа мұнайдың көп жіберілуі.

«90 млн тонна мұнай өндіру межесіне соңғы рет 2019 жылы жеттік. Одан бері қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Сол кезде-ақ сарапшылар Қазақстан үшін мұнай өндірудің ең жоғары шегі осы 90 млн тонна екенін айтқан болатын», – дейді сарапшы.

Энергетиктің айтуынша, Қазақстанда 80-ге жуық мұнай өндіретін кәсіпорын бар. Соның үшеуі барлық мұнайдың 60%-ын өндіреді. Олар – Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз. Қалған кәсіпорындардың бәрінде мұнай өндірісі төмендеп жатыр.

«Оның себебі сыртқы нарыққа шығарған кезде ғана 2,5 есеге дейін қымбатқа сата алады. Ішкі нарықтағы баға төмен. Үкімет алпауыт кәсіпорындарды өндірген мұнайын  ішкі нарыққа жіберуге мәжбүрлей алмайды. Өйткені келісімде солай көрсетілген. Қалған кәсіпорынды ішкі нарыққа жұмылдырып жатыр», – дейді Абзал Нарымбетов.

Оның айтуынша, бұрын өндірілген мұнайдың 70 %-ы – сыртқы нарыққа, 30 %-ы ішкі нарыққа шығады деп келісілген. Қазір керісінше болып жатыр.

«Сондықтан оларға пайда аз. Аталған үш кәсіпорындардан басқаларда мұнай өндірісі азайды. Кен орындары ескі, тозығы жеткен. Жаңа кен орындары ашылып жатқан жоқ. Ол үшін жаңа инвестиция тартылуы керек. Бірақ инвесторлар тарапынан құлшыныс көп емес. Өйткені Қазақстандағы ынтыландыру талаптары қызықтармайды», – дейді сарапшы.  

Абзал Нарымбетовтің пікірінше, бұл жерде бірнеше жыл бұрын жоспарланған жөндеу жұмыстарының немесе ОПЕК талаптарының қатысы шамалы. Бар гәп – жоспарлауда.

«Басты себеп – ішкі нарыққа мұнайдың көп жөнелтілуі және инвестицилық климат. Мұнай өндірісінің азаюы бюджетке қатты әсер ете қоймас. 1 пайыз көп рөл ойнамайды. Үкімет бірнеше жоспар жасағаны дұрыс шығар. Жақсы, жаман сценарий дегендей. Бізде бір ғана жоспар жасалады. Бюджетті консервативті түрде есептеу қажет. Жоспарлағандай бюджетке ақша түспегені үшін қайтадан Ұлттық қорға қол сұғу керек болады. Ең маңызды нәрсе – дұрыс жоспар құра білу», – дейді сарапшы.

Мұның алдында соңғы он жылда Қазақстанда жаңа мұнай кеніштерін ашатын геологиялық барлау барынша құлдырағаны туралы жазғанбыз.