Қызылорда қалалық соты Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Әбсаттаровқа үкім шығарды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, шенеунік лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдаланғаны, заңды кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Ол бизнес өкілдеріне 1,4 млн теңге көлемінде баласының оқу ақысын төлеуге және құны 6,8 млн теңге болатын дизельді отынды беруді талап еткені анықталып отыр. Сұйытылған газ алуға кәсіпкерлердің құқықтарын шектеуге ұмтылған. Бұл әрекетімен шенеунік бизнес өкілдеріне 26,9 млн теңге шығын келтіріпті.
Сот Әбсаттаровқа 9 айға бас бостандығынан айыруға және өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыс істеу құқығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар бұрын алған мемлекеттік марпаттары қайтарылды.
Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданының әкімі «қызмет бабын асыра пайдаланған, теріс пайдаланған» деген күдікпен Бағдат Қарасаевты ұстаған еді.