Қазақстанға қай елден турист көп келіп жатыр?

Жарияланды
Фото: кursiv.media мұрағаты

Туризм индустриясы комитеті ең көп турист келген 5 елді атап көрсетті.

Оған сенсек, Ресей бірінші орынға шығып отыр. Алты ай ішінде солтүстік көршімізден 186,1 мың адам саяхаттап келген. Аспан асты елі – Қытай екінші орынға жайғасыпты. Қазақстанды көруге 69 918 қытай азаматы асығыпты. 53 695 турист келген Үндістан үшінші орын алды.

Төртінші орынды Түркия, бесінші орынды АҚШ иемденіп отыр. 30 312 түрік, 19 596 америкалық еліміздің көрікті жерлерін аралаған.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың пікірінше, аталған елдерден туристер легі еліміздің әлемнің туристік картасында тартымды бағытқа айналып келе жатқанын аңғартады.

«Бізді туристиік инфрақұрылымдарды дамытып, шетелдік туристер үшін барынша қолайлы жағдай жасай береміз», – деді Нұртас Кәріпбаев.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға шетелден 566,5 мың саяхатшы келген. Былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда туристердің саны 50,7 мың адамға артқан. Ол кезде 515,8 мың адам елімізге қыдырып келген болатын.

Статистикалық мәліметтер көрсетіп бергендей, Қазақстанды қызықтағысы келетін туристер түрлі елдерден келіп жатыр. Төңіректегі көрші елдерді айтпағанда, жер шарының арғы бетінен келіп жатқандар да аз емес.

Сондай-ақ оқыңыз