Жаңалықтар

Кез келген адамға пайдасы тиетін Telegram-боттар

Коллаж: kursiv.media және бильд-редактор Ахтам Зиперов

Telegram-дағы боттардың қолынан келмейтіні жоқ. Ол сізге мықты көмекші бола алады. Сурет не видео өңдеп береді, керек десеңіз, ағылшын тілін өз бетімен оқуға жәрдемдеседі. Бюджет жоспарын жасап, әлденені еске салып отыратын сенімді серік болады. Бүгінгі материалымызда ең пайдалы боттарды назарыңызға ұсынамыз.

Қазіргі уақытта Telegram-да істеп тұрған боттарға шолу жасап шығайық. Ыңғайлы болсын деп мынадай алты топқа бөліп қойдық:

  • Пайдалы боттар;
  • Каналдар мен топтар жүргізетіндерге керек боттар;
  • Тіл үйренуге көмектесетін боттар;
  • Денсаулықты күтуге көмектесетін боттар;
  • Фото мен видео өңдеуге арналған боттар;
  • Ойын-сауыққа арналған боттар.

Пайдалы боттар

MotherSearch

Бұл — Telegram ішіндегі іздеу жүйесі. Бот арқылы ашық каналдардағы түрлі посттарды іздеп таба аласыз. Бар болғаны не керек екенін жазсаңыз жетіп жатыр. Мәселен, сізге 2024 жылы шыққан фильмдер тізімі керек делік. Бар болғаны ботты ашыңыз да, «2024 жылы шыққан фильмдер» деп жазыңыз. Сонда бот осы сөздер кездесетін барлық постқа сілтеме жібереді. Керек посты алып, пайдалана беріңіз. Мәтіннен бөлек, бот ашық каналдарда жарияланған музыка, фильм, құжаттарды да шығарып береді. Өте ыңғайлы, солай емес пе?

Pomodoro Bot

Pomodoro техникасын білесіз бе? Бұл — өнімді жұмыс істеуге көмектесетін тәсілдің бірі. Бот «Помодоро» әдісі бойынша 15 не 25 минут жұмыс істеп, 5 минут демалатындай таймер орнатып береді. Боттың мәзіріндегі батырмаларды басып, ботты іске қосыңыз. Сонда таймер қосылады. Уақыт аяқталған кезде бот сізге хабарлама жіберіп, еске салады.

Skeddy еске салғыш боты

Бұл да — еске салатын бот. Нақтырақ айтқанда, белгілі бір уақыт қойсаңыз, сол жайлы хабарландыру жібереді. Оны қалауыңызға қарай бір рет не тұрақты келіп тұратындай қылып орната аласыз. Мәселен, «15:30-да досыма хабарласу керек», «таңертең тұрған соң D дәруменін ішу», «Үйден шығарда, сағат 10:20-да бетіме SPF крем жағу» дегендей тапсырма беріңіз. Сонда шаруаларыңызды ұмытып кетпейсіз. Боттағы барлық жоспарды керек кезде өшіріп, қосып не өзгертіп отырсаңыз болады.

Searchee Bot еске салғыш боты

Түрлі тақырып бойынша каналдар табуға көмектеседі. Мысалы, сізге бизнес туралы жазатын арна керек делік. Ондай кезде бар болғаны керек тіл мен өзіңіз қызығатын категорияны таңдасаңыз жетіп жатыр.

Видео жүктеуге арналған «Скачать видео TikTok | YouTube» боты

Бұл бот арқылы TikTok, YouTube немесе YouTube Music сілтемесі арқылы видеоларды жүктеп алуға болады. Дайын видеоны бот диалогтың ішіне жібереді.

SheetSy

Деректерді Google-кестегі жазуға арналған конструктор-бот. Жұмысты бастамас бұрын  Google-кестеден жаңа құжат ашуыңызды сұрайды. Сөйтіп оған сілтемесін жібересіз де, өзі айтқан email-ге құжатты өңдеуге рұқсат беруіңіз керек. Одан кейін ботқа кез келген деректерді жібере бересіз. Ол оның бәрін кестеге сақтап отырады.

МОбс

Қаржы есебін жүргізеді. Мұнда да Google-кесте арқылы жасалады. Алдыңғы бот секілді жұмыста бастар алдында жаңа кесте ашып, боттың электрон адресіне өңдеуге рұқсат беруіңіз қажет. Содан соң чатқа шығындарыңыз не табысыңыз туралы барлық деректі жібере берсеңіз болады. Жазғанда «800 билет» немесе «200 000 айлық» дегендей форматта жазыңыз. Ол оны кестеге салып қояды.

Каналдар мен топтар жүргізетіндерге керек боттар

PressCode

Telegram-да арналар мен топтары бар адамдарға керек болатын, көп функцияны атқара алатын бот. Мұнда посттарды өңдей аласыз: жаңасын жазып, ескісін өңдеп, оларға батырмалар қосып, кейін кесте бойынша өзі жарияланып отыратындай қылуға болады. Сонымен бірге боттың көмегімен каналды монетизацияға шығара аласыз. Мысалы, жабық канал болса, оған жазылымды ақылы қылып қоюға болады. Бұдан бөлек, бот чатта автомат түрде жауап беріп, оқырмандарды жасанды жолмен өсіруге тосқауыл қояды. 

Tribute

Каналды монетизациялауға арналған бот. Оның көмегімен жабық канал ашып, соған жазылымды ақылы қылып қоя аласыз. Әрі оған кімнің жазылғанын басқарып отыруға болады. Яғни кіру үшін қанша ақша төлеу керек, төледі ме, жоқ па — соны тексеріп, оқырман санын бақылап, промокодтар мен жеңілдіктер қосуға мүмкіндік береді. Әрі бұл боттың көмегімен донат алатындай жүйе қалыптастыра аласыз.

«Keep | Защита каналов» боты

Бұл бот оқырмандар мен пікірлерді жасанды жолмен өсіруден қорғайды. Мұның көмегімен каналыңызға боттар жазылған ба деп тексеріп алуға болады. Егер анықталып жатса, өшіріп тастай алады. Сонымен қатар тұрақты түрде жұмыс істеп тұратындай қылып қоюға болады. Егер алдағы уақытта каналыңызға боттар шабуыл жасаса, Keep әкімшіге хабарлама жіберіп, күмән тудыратын оқырмандарды өшіріп отырады.

ChatKeeperBot

Чаттармен жұмыс істеуге арналған, көп функция атқаратын бот. Ол арқылы чат аудиторияның белсенділігін бақылап, автомат түрде жіберілетін жауаптарды баптап қоюға болады. Бұдан бөлек, бот қатысушылар чатының ішінде түрлі санат бойынша рейтиң жасай алады. Мысалы, басқа қатысушылардың сұрағына жауап беретіндерге ұпай береді дегендей. 

HEY! Support bot

Сату және қолдау бөліміне керек болатын бот жасайты конструктор. Оның көмегімен қолданушылармен компания не канал атынан сөйлесетін бот жасауға болады.

TGStat Bot

TGStat  сервисінің ресми боты. TGStat-тан кез келген телеграм-канал, чат не посттың статистикасының скринін жібере алады.

Тіл үйренуге көмектесетін боттар

Andy English Bot

Ағылшын тілін үйрететін оқулық сияқты бот. Оның ішінде грамматиканы пысықтайтын, жаңа сөздерді есте сақтауға көмектесетін жаттығулар, лингвистикалық ойындар бар. Ботпен ағылшынша сөйлесіп жаттықсаңыз да болады. Бар болғаны жазып не аудио хабарламамен диалог бастайсыз. Бот болса пікір жазып, қате болса, түзетіп отырады.

Learn English

Бот ағылшынша сөздер мен сөйлемдерді орысшаға аударып береді. Сонымен бірге ол сөздерді қандай жағдайда қолданылатынын үлгі ретінде шығарып ұсынады.

EnglishSimpleBot

Бұл да ағылшын тілін үйрететін оқулық іспеттес бот. Оның ішінде грамматика мен оқуға арналған тапсырмалар бар. Боттың көмегімен түрлі тақырып өтіп, тестілер шешіп көрсеңіз болады.

Yandex Translate

«Яндекс Аудармашының» ресми боты. Сіз жіберген мәтінді өзінде бар он үш тілдің біріне оп-оңай аударып береді.

Денсаулықты күтуге көмектесетін боттар

FitCondition

Бот калория нормасын бақылап, майлар, ақуыз бен көмірсуларды есептеп отырады. Ботпен жұмыс істеу үшін алдымен деректеріңізді жазуыңыз керек. Оның ішінде жынысыңыз, жасыңыз, салмағыңыз, дене бітіміңіздің параметрлерін жазасыз. Одан кейін сервис қанша калория керек екенін есептеп береді.

Оffice Gym Bot

Кеңседе жұмыс істейтіндерге қолайлы бот. Ұзақ уақыт тапжылмай отырып қалғанда спортпен шұғылдану, кемінде қарапайым физикалық жаттығу жасау керек екенін еске салады. Бар болғаны уақыт белгілеп қойсаңыз жетіп жатыр. Сонда ол сізге ескерту жіберіп, оған қоса қарапайым жаттығулар үлгісін жолдап отырады.

«Упражнение на сегодня» боты

Күніне бір фитнес-жаттығу түрін жіберіп отырады. Жаттығулар арасында үзілісте жақсы әдет қалыптастыру, спорт, дұрыс тамақтану сынды пайдалы тақырыптардағы мақалаларға сілтеме жібереді.

Фото мен видео өңдеуге арналған боттар

«Brush — художник» боты

Сіз ботқа фотосурет жібересіз. Ол оны өзіңіз таңдаған стильге лайықтап береді. Мысалы, аниме дейсіз бе, әлде Моне стилі дейсіз бе — қалауыңыз білсін.

DeepFaker Bot

Нейрон желілері арқылы бот сіз жіберген фото мен видеолардан бейне жасайды. Яғни қолданушы алдымен кімнің бейнесі керек болса, соның түрі бар фото жібереді. Одан кейін соның бейнесі қойылатын видеоны жүктейді. Сөйтіп бот әлгі фотосуреттергі адамның түрін видеодағы түрмен алмастырып, қорытынды нәтиже ретінде екеуі біріктірілген видеоны чатқа дайындап жібереді.

Ойын-сауыққа арналған боттар

«Мемезатор Алёшенька» боты

Сіз жіберген суреттерден мем жасап шығады. Мемнің астына жазатын сөзді бот нейрон желілері арқылы таңдайды. Яғни фотода не тұрса, соған лайықтйды. Кейде түрлі тілдегі рандом мемдер жіберуі мүмкін.

Meming Bot

Бұл да — мем жасауға арналған бот. Ішінен дайын сурет таңдасаңыз болады. Болмаса, өзіңіз сурет жүктей аласыз. Жазуын да бар мемдердің ішінен алуға да, өзіңіз жазуға да мүмкіндік береді.

«ЧГК» боты

Танымал «Что? Где? Когда?» ойынының боты. Ол сұрақтар жібереді, бірнеше ойыншы болса, статистика жүргізеді, жауаптарын көрсетеді. Боттың ішінде турнир мен сұрақтар санатын таңдап, таймерді реттеуге болады. 

«Ботик-заботик» боты

Алғыс практикасын жүргізуге арналған бот. Ол үшін күнде кешке бұл күнге не үшін алғыс айтатыныңызды тізіп шығуыңыз керек. Кейінгі кездері танымал болған техниканы оңай жасауға көмектеседі.