BlackRock Microsoft корпорациясымен және Абу-Дабидегі MGX инвестициялық компаниясымен бірлесіп, 30 млрд долларға Global AI Investment Partnership қорын құруға ниетті. Қор деректер орталықтарының құрылысына және олардың дербестігін қамтамасыз ету үшін энергетикалық жобаларға инвестиция салады. Бұл Уолл-стритте құрылған ең үлкен инвестициялық құралдардың бірі болмақ деп жазды The Financial Times.
Толығырақ
BlackRock компаниясының Global Infrastructure Partners инфрақұрылымдық инвестициялар құрылымы қараша айында жасанды интелекет және олардың қажеттіліктеріне қажетті энергетикалық инфрақұрылым үшін әрі деректер орталықтарының құрылысын қаржыландыру үшін Global AI Investment Partnership қорын іске қосуға дайындалып жатыр, деп жазды The Financial Times.
Microsoft және Абу-Даби Үкіметі қолдайтын MGX инвестициялық компаниясы қордың бас серіктестері болады. Ал ЖИ чиптерін өндіруші Nvidia зауыттық дизайн және жүйелерді біріктіру бойынша кеңес береді. Global AI Investment Partnership 30 млрд долларлық акционерлік капиталға инвестиция тартады және оны 70 млрд долларға дейінгі қосымша қарызды қаржыландыруды қолдау үшін пайдалана алады деп жоспарланып отыр. Қор Уолл-стритте құрылған ең ірі инвестициялық құралдардың біріне айналады, деп атап өтті FT.
Қор не үшін керек?
Жаңа қордың міндеті – алдағы жылдары инфрақұрылымдық мәселелерде елеулі «қиындықтарға» тап болуы мүмкін ЖИ өнімдерін құруға керекті электр энергиясы мен цифрлық инфрақұрылымға деген қажеттіліктерді қанағаттандыру, деп жазды FT. Деректер орталықтары алдыңғы технологиялық инновацияларға қарағанда әлдеқайда көп энергияны қажет етеді әрі қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымға ауыртпалық түсіреді. Global AI Investment Partnership осы «қиындықтарды» шешу үшін құрылады, деп түсіндірді басылым.
Әлемдегі ең ірі капиталды басқаратын BlackRock компаниясы энергетиканы инвестициялау үшін ең маңызды сектордың бірі ретінде қарастырып отыр.
«Деректер орталықтары мен энергия өндіретін қуаттар сияқты ЖИ инфрақұрылымын құру үшін жеке капиталды жұмылдыру көптеген триллион долларлық ұзақ мерзімді инвестициялық мүмкіндіктерді ашады», – деді BlackRock атқарушы директоры Ларри Финк.
Контекст
Осы жылдың басында Microsoft канадалық Brookfield Asset Management компаниясы салған 10 млрд долларлық жаңартылатын энергия жобаларын қолдауға келісті. IT алыбы 2030 жылға қарай көміртегі ізін қалдырмайтын жасыл энергия арқылы деректер орталықтары үшін 100 пайыз энергия тұтынуды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.
«Елге және жалпы әлемге ЖИ-ге қажетті инфрақұрылымды дамытуды жеделдету үшін көп инвестиция қажет болады. Сондықтан мұндай қадам маңызды болып саналады», – дейді Microsoft президенті Брэд Смит.
MGX осы жылдың басында елдің ЖИ саласындағы прогресін ілгерілету үшін Абу-Дабидің Mubadala тәуелсіз әл-ауқат қорының қолдауымен құрылды. Компания Open AI жобасын қаржыландырудың келесі кезеңіне инвестиция салу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауы бойынша, 2026 жылға қарай деректер орталықтарының әлемде электр энергиясын тұтынуы 1000 тераватт-сағаттан асуы мүмкін. Бұл 2022 жылы пайдаланылған көлемнен екі есе көп.
«Жеделдетілген есептеу және генеративті ЖИ келесі өнеркәсіптік революция үшін инфрақұрылымға деген қажеттіліктің артуына жол ашады», – деді Nvidia-ның негізін қалаушы Дженсен Хуанг.
АҚШ-та әлемдегі деректер орталықтарының үштен бірі орналасқан және жиырма жыл ішінде алғаш рет электр энергиясына сұраныс жылдам өсіп отыр, деп атап өтті басылым. Grid Strategies есебінде елдегі тұтыну көлемінің бес жылдық болжамдары өткен жылы екі есеге жуық өсті – 2,6%-дан 4,7%-ға дейін.
«Негізгі инфрақұрылымға [ЖИ үшін] инвестицияларды қаржыландыру үшін жеке капиталдың айтарлықтай көлемін жұмылдыру қажеттілігі бар», – деді Global Infrastructure Partners компаниясының атқарушы директоры Байо Огунлеси.
Goldman Sachs трейдерлері ЖИ-мен байланысты компаниялардың арзан акцияларын, сондай-ақ деректер орталықтарына электр энергиясын жеткізетін өндіруші компаниялардың қағаздарын сатып алатын уақыт келді деп есептейді. Өйткені бұл компаниялардың кірісі келесі 12 айда екі есе артуы мүмкін.