Шетелдік компаниялардың акцияларына қызығушылық жоғары: әрбір оныншы қазақстандық инвестор ғана отандық компанияларға қаржы салады
Freedom Finance компаниясының әрбір оныншы клиенті ғана қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына қаржы салады. Ал қалған тоғызы шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарын сатып алғанды жөн көреді. Бұл туралы Freedom Finance Global директорлар кеңесінің төрағасы, «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьянов мәлімдеді.
«Біз қазақстандық эмитенттерге қанша адам инвестиция салғанын саралап көрдік. Бүкіл инвесторлардың 10 пайызына жетпейді. Бұл көрсеткіш айтарлықтай тұрақты болып келеді. Яғни акциялар мен облигациялар арасындағы арақатынас өзгергенімен, қазақстандық активтерге басымдық беретіндердің қатары сол 10 пайыздан аспайды. «Халықтық IPO-ға» «Эйр Астана» мен «ҚазМұнайГаздың» акциялары шыққанда да өзгермеді. Көптеген инвестор табыс тапқан «ҚазМұнайГаздың» IPO-сынан кейін шамалы: 1% өсім болған. Air Astana акцияларының бағасына байланысты жайттан кейін, инвесторлар қатары 9%-ға түсіп қалды», – деді ол First Kazakhstan Economic Freedom High-Level Conference барысында.
Лукьянов Freedom Finance халықаралық қаржы құралдарын қазақстандықтар үшін қолжетімді етумен танымал екеніне назар аударады. Сондықтан жергілікті инвесторлар өздері білетін, тартымды инвестициялық құралдарды таңдайды.
«Инвесторлар қайда инвестиция салады? Әр елдің өзіне тән ерекшелігі бар. Егер елде акциялары жақсы табыс әкелетін тартымды эмитент қатары аз болса, олар нені таңдайды? Олар өздеріне таныс дүниені таңдайды. Apple өнімдерін қолданып, Тесла- көліктерін мінеді», – деп қазақстандықтарды қызықтыратын шетелдік эмитенттерді мысалға келтірді.
Оның айтуынша, брокерлік қызмет қарқынды дамып келеді.
«Бизнес дамып жатты. Кейінгі бес жылда клиент базасы жыл сайын 30-дан 50%-ға дейін өсіп жатыр. Бұл өте үлкен цифрлар. Клиенттердің активтері де шамамен осы қарқынмен өсті.Бұл неге байланысты? Ең алдымен қор нарығындағы ахуалға байланысты. Нарық өсіп немесе қатты құлдырап жатса, клиенттердің санына нарықтағы құбылма жағдай әсер етеді», – деді компания басшысы.
Сергей Лукьянов нарыққа алдымен ірі клиенттер, одан кейін ғана жеке инвесторлар тартылатынын атап өтті. Сонымен қатар кейінuі жылдары инвесторлар арасында ерлердің үлесі басым екенін айтады.
Холдингтің 2024 қаржы жылындағы ( 2023 жылдың 1 сәуірінен 2024 жылдың 31 наурызына дейін) түсімі рекорд жасаған. Осы қаржы жылындағы түсім 1,6 млрд долларды құрап, 2023 қаржы жылымен салыстырғанда 105% өсім көрсетті. Холдинг басшысы Тимур Турлов 2023 қаржы жылындағы түсімі 796 млн доллар болғанын атап өтті.
2024 қаржы жылында компанияның таза пайдасы 375 млрд доларға жеткен. Жылма-жыл өсім – 82%-ды, таза маржасы түсімнің 23 %-ын құраған.