Жаңалықтар

«Нарық қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға ыңғайлы»: Риэлторлардың қызметі қатаң тексеріле ме?

Риелторлар қауіп-қатері жоғары санатқа ауыстырылды / Фото: shutterstock.com

Риелторлар мен қымбат зергерлік бұйым сататын кәсіпкерлерді тексеру қатаңдауы мүмкін. Өйткені олар заңсыз алынған кірісті заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақталуын тексеру парағында қауіп-қатері жоғары санатқа ауыстырылмақ. Қаржы мониторингі агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаудың тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парағын бекіту туралы» деп аталатын құжат 1 қазанға дейін ашық талқыда болады.

«Риелторлардың жоғары тәуекел санатына көшуі нарықтың қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға, тәуекелдерді секторлық бағалау нәтижелері бойынша анықталған терроризмді қаржыландыруға ұшырауының жоғары ықтималдығына байланысты», – делінген құжат түсіндірмесінде.

Есесіне бухгалтерлер мен заңгерлер қауіп-қатер орташа бақылау субъектерілері санатына жатқызылған.

Сонымен қатар жаңа жобада қымбат металл мен тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сатушылар мен қымбат металл өндірушілерді жеке қарап, екі санатқа бөлу ұсынылған. Зергерлік бұйымдармен түрлі операциялар жасайтындар қатері жоғары санатқа жатқызылған. Ал қымбат металл өндірушілер қауіп-қатері орташа санатқа енді.