Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Дариға Назарбаевамен байланысы бар «Үшқұю» мұнай-газ компаниясына жазбаша екерту жасады. Бұл компания 2023 жылы топ-менеджментіне қанша сыйақы төлегеніне есеп бермеген.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның атқарушы органы мүшелерінің сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпарат орналастырылмаған», – деп жазылған хабарламада.
Агенттік бұл кемшілік жоюға 30 қыркүйекке дейін уақыт берген.
Аталмыш компанияның 23 акциясы 2020-2022 жылдары QazaqGaz компаниясын басқарған Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қайрат Шәріпбаев Дариға Назарбаеваның күйеуі екені айтылады. Мұнай компаниясы 2022 жылы 13,7 млрд шығынға ұшыраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 29,4 млрд теңге таза пайда тапқан.
Былтыр мұнай компаниясы негізінен ұзақмерзімді қаржы міндеттемелерін қайта қарау есебінен таза пайда алды. Компанияның активтері 28,5 млрд теңгеден 1,4 млрд теңгеге, міндеттемелері 107,8 млрд теңгеден 51,3 млрд теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде компанияның міндеттемелері оның активтерінен 23,7 млрд теңгеге (2022 жылы – 96,4 млрд теңгеге) асып түсті.
Компания «Солтүстік-батыс Жетібай» кен орнында мұнай барлау мен өндіруге келісімшарт жасаған болатын. Алайда оны 2023 жылдың қазан айының соңында Энергетика министрлігі біржақты тәртіппен тоқтатқан. Сот бұл шешімнің күшін жою туралы компания өтінішін екі рет қатарынан қабылдамаған.
Соның салдарынан мұнай компаниясы өз жұмысын жалғастыра алмай, қарызын өтей алмау қаупі туындап тұр. Компания акционерлері мен басшылығы 2024 жылдың соңына дейін сот шешіміне шағым түсіріп, келісімшартты қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.