Жыл басынан бері Қазақстан Орталық Азия елдеріне 2,5 млн тонна астық жөнелтті. Оның 1,8 млн тоннасы – Өзбекстанға, 600 мың тоннасы – Тәжікстанға, 100 мың тоннасы – Түрікменстан мен Қырғызстанға экспортталған. Бұл туралы күзгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров айтты.
«2024 жылдың қыркүйегінің 12 күнінде Орталық Азия елдеріне 132 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл 2023 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Айдың соңына дейін астық тасымалының көлемі шамамен 250 мың тоннаны құрайды», — деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры.
2024 жылдың 8 айында Қытайға астық тасымалы 1,1 млн тоннаны құраған. Оның басым бөлігі – 666,4 мың тонна контейнерлермен экспортталған. Бірақ биыл астықты қаптарға салып, жабық вагондармен тасымалдау көлемі екі есе өсіп, 229 мың тоннаны құрады.
Айта кететіні, 2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 7,4 мың гектар алқап (44%) орылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұл жолы орташа өнімділік көлемі гектарына 14,6 центнерді құрады. Жалпы 10,8 млн тонна астық бастырылды. Элеваторларға 1,5 млн тонна астық түскен.
Бұған дейін ҚТЖ еншілес кәсіпорны жыл соңына дейін 1,5 мың жүк вагонын сатып алған хабарладық. Ол астық сынды әлеуметтік маңызды өнімдер мен көмір, құрылыс заттарын тасымалдауға пайдаланылады.