2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы қымбаттайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы қымбаттайды
Шілде де ғана автогаз бағасы өскен / Архив: kursiv.media

2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін. Тағы деуіміздің себебі – Энергетика министрлігі 2024 жылғы шілдеде ғана аталған отын құнын көтерген еді. Ведомство бұл жолы автогаз бағасын жанармай тарифімен теңестіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді.

Ол көлік иелері белсенді түрде автогазға көшіп жатқандықтан, ел нарығында сұйытылған мұнай газының тапшылығы байқалатынын айтады.

«Соңғы екі жылда біз осы тапшылықты жоюға тырысып жатырмыз. Ұлттық компанияларымыздан бізді қолдап, сұйытылған мұнай газын басқа отын түрлеріне қарағанда көбірек өндіруді сұрадық. Сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салдық. Бағаны біртіндеп 5-8 теңгеге көтерсек деп жоспарлап отырмыз, келесі жылы да газ бағасы да сол диапазонда өседі», – деді вице-министр.

Ол 2030 жылға қарай тапшылық болмайды деп есептейді. Себебі сол кезге қарай «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарында сұйытылған газ өндірісі жолға қойылмақ.

«Қашағаннан» жылына 800 мың, «Қарашығанақтан» – шамамен 700-600 мың тонна өндіру жоспарланған», – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, елімізде 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы қымбаттады. Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, ҚР газ толтыру станциялары үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізілді.

Алматы қаласында 81 теңгеден 89 теңгеге өсті.Ақтөбе мен Атырау облысында 1 литр газ бағасы 54 теңгеден 59 теңгеге қымбаттады. 

Сондай-ақ оқыңыз