«Пайыздық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі несие беру мен бизнесті дамытуды айтарлықтай шектейді, бірақ банктер үшін тиімді»: Турлов Ұлттық банк саясатының экономикаға әсері туралы айтты
Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және басшысы Тимур Турлов Астанада өткен First Kazakhstan Economic Freedom High-Level Conference жиынында сөйлеген сөзінде Ұлттық банк пен базалық мөлшерлеменің Қазақстан экономикасындағы рөлі туралы айтты. Турловтың сөзінше, қазіргі мөлшерлеме деңгейі банктер үшін тиімді болғанымен, несие беру мен бизнесті дамытуды айтарлықтай қиындатады.
«Бұл (рубльдің әлсіреуі аясында азық-түлік инфляциясының төмендеуі – ред.) Ұлттық банкке инфляцияның төмендеуіне белсендірек әрекет етуге мүмкіндік береді деп үміттенемін. Өйткені шынайы пайыздық мөлшерлеме әлем бойынша ең жоғары емес шығар. Бірақ жаһандық деңгейде айтарлықтай жоғары. Пайыздық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі, шын мәнінде, бізді шектейді», – деді Турлов.
Freedom Holding Corp. басшысы келтірілген есептерге сәйкес, қазақстандық компанияның 100 млн теңге несиесі бойынша артық төлемі қазір жылына 18 млн-ға жуықтайды. Ал Қытайда артық төлем шамамен 6%-ды құрайды. Осыған байланысты, Турлов соңғы жылдары экономикадағы корпоративтік несиелердің үлесі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын тілге тиек етті.
«Бұл корпорациялар үшін үлкен проблемаға айналды», – деді Турлов.
Турловтың айтуынша, пайыздық мөлшерлеме деңгейінің жоғары болуы банктер үшін тиімді. Өйткені бұл оларға таза пайыздық кіріс арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Алайда ұлттық экономикаға тигізетін жағымсыз әсері артықшылықтардан басым.
Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме 14,25% деңгейінде. Тамыздың аяғындағы соңғы отырыста реттеуші көрсеткішті өзгеріссіз қалдырды, бірақ оған дейін бірнеше ай бойы инфляцияның баяулауы жағдайында ақша-несие саясатын жүйелі түрде жеңілдетіп келді. Тамыз айының соңында Қазақстандағы баға өсімі жылдық мәнде 8,4%-ды құрады, бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа төмен.