Ғалымжан Есенов Jusan Bank директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті
Ғалымжан Есенов «First Heartland Jusan Bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Оның орнына кеңес төрағасы болып тәуелсіз директор Қуат Қожахметов сайланды. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлады.
Шешім 2024 жылғы 16 қыркүйекте қабылданған.
Ғалымжан Есенов 2024 жылғы Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 15- орында. Оның дәулеті 590 млн долларға бағаланады. Ол Jusan Bank арқылы «Қазақтелеком» (9,19%) және Kcell (9,08%, тағы 14,87%) акцияларына ие болған.
Қуат Қожахметов Қазақстанның қаржы секторына бұрынан таныс адам. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Әр уақытта «Цеснабанк» АҚ, ««Цесна» Корпорациясы» АҚ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде қызмет етті. Сонымен қатар «Оптима Банк» ААҚ (Қырғыз Республикасы), «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» және ««АХҚО» Әкімшілігі» АҚ-та басшылық қызмет атқарды.
Jusan Bank активтерінің көлемі бойынша елдегі ең үздік 6 банктің қатарына кіреді. Банктің өтімді активтері 2,8 трлн теңгеден асады. Қаржы ұйымының 2023 жылғы таза кірісі 88,6 млрд теңгеден 133,2 млрд теңгеге дейін өсті. Банктің Қазақстанның 43 қаласында 118 филиалы, 3 млн-нан астам клиенті және 6 мың қызметкері бар.
Еске сала кетсек, Ғалымжан Есенов Jusan Bank акцияларын миноритарлық акционерлерден сатып алатынын хабарлады.