Lifestyle

2025 жылдан бастап Қазақстан футбол клубтарына әйелдер командасын құру міндеттеледі

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

2025 жылдан бастап Премьер-лига қатысушыларының құрылымында әйелдер командасы болуы қажет деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.

Федерацияның мәліметінше, бұл бастама әйелдер футболын дамыту және насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ УЕФА жарыстарына қатысушы барлық команда үшін әйелдер командасын ашу туралы шешім 2024 жылы Дублинде (Ирландия) өткен УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды.

«Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті футбол клубтарын лицензиялау Ережесіне жаңартулар енгізді. Бұған әйелдер командалары арасында «QFL Әйелдер лигасы» футболдан ҚР Чемпионатына қатысатын әйелдер командасын құру туралы шешім де кіреді. Жаңа ереже 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашуды жоспарлап отырғанын жазған едік.

Жаңа клуб өз алаңындағы матчтарын «Қайрат» академиясы нысандарының бірінде өткізеді. Ал клубтың бас директоры қызметін «Қайраттың» экс-директоры, қазір Player Сareer Management футбол агенттігінің басшысы Баймұханов Марат Бүркітұлы атқарады.