Lifestyle

Қазақстанға соңғы екі аптада 600 мыңға жуық турист келді

Фото: elements.envato.com, коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы екі аптада Қазақстанға 597 мың турист келіп, рекорд орнатты. Олардың көбі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Димаш Құдайбергеннің концертіне келген деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында Қазақстанға 597 мың шетелдік турист келген. Олардың ішінде 68 мың адам ұшақпен келсе, қалғандары авто және теміржол көлігін таңдаған. 

«Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам туристтің Қазақстанға келуі тіркелген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік турист тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн долларды немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында. Демек Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың доллар қосқан.

Еске сала кетейік бұған дейін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында Қазақстанға ең көп саяхаттағысы келетін ТОП-10 ел белгілі еді. Олардың ішінде Қазақстанға ең көп қызығушылық танытқан елдер қатарында Үндістан, Германия, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Корея бар.

Сондай-ақ 13-14 қыркүйек күндері Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтті. Әншінің концертіне Эстония, Аргентина, Швейцария, Парагвай, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Чехия, Венгрия, Финляндия, Өзбекстан, Германия, Норвегия, Түркия, барлығы 80 елден 10 мыңнан астам қонақ келген. Олардың көпшілігі Dears деп аталатын жанкүйерлер тобы. Мұндай жанкүйерлердің ең көбі Қытайда, бұл жолы да көрші елдегі фан-клубынан 100-ден астам адам келген.