Қазақстанда 4,5 млн адам баспанаға мұқтаж – депутат үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын өзгертуді ұсынды

Жарияланды
баспанаға мұқтаж
Қазақстанда баспанаға мұқтаж 4,5 млн адамның 1,3 миллионы жастар / Фото: kursiv.media

Қазақстанда 4,5 млн адам баспанаға мұқтаж. Оның 1,3 миллионы жастар. Бұл жайлы мәжілісте депутат Нұргүл Тау айтты.

Депутат елдегі үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығы жағдайға теріс әсер етіп жатқанын айтты. Саладағы көлеңкелі нарық үлесі 70%-ға жеткен.

«Күні кеше Алматы облысында екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай отырған 200 отбасына қатысты дау-дамай болды. Бұл мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласына «эскроу-шоттар» ұғымын енгізу ұсынылады», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, «эскроу-шоттар» ұғымы еліміздің заңнамасына жат ұғым емес. Әзірге бұл тетік тек төлем жүйелері мен төлемдер заңнамасы аясында қолданылады. Мұндай ұғым енсе, құрылыс компаниясы объектіні пайдалануға бергенге дейін салымшылардың қаражаттары арнайы «эскроу-шоттарда» сақталады. Егер құрылыс компаниясы шартты бұзса, салымшы ақшаны шешіп алады.

Депутат кейбір құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды айналып өту үшін тұрғын үй сатып алуға қатысты алдын ала шарт жасайтынын, Қазақстанда аталған шартты жасасқан 6800-ге жуық үлескер зардап шегіп отырғанына тоқталды. Осыған орай, тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салуды ұсынды.

Сонымен бірге депутат азаматтардың артық қарызданбауы үшін тұрғын үйді толық жөндеуден өткізіп беру қажет деп санайды. Өйткені толық жөндеу жүргізілмей берілгендіктен, баспана алғандар несие алып қарызға кіреді.

«Бұл мәселені шешу үшін тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, пайдалануға беруді ұсынамыз. Мұндай тәжірибе Аустрия, Германия және Франция елдерінде тиімді қолданылады. Ол үшін әр пәтердің жөндеуге кететін бағасы салымшымен алдын ала шартта белгіленуі керек. Бұл мүлік бағасының шарықтауына жол бермейді», – дейді Тау.

Сондай-ақ үй жалдап жүргендер санының 2 миллионнан асатынын, ал пәтер жалдау құны күн санап қымбаттап жатқанына да тоқталып өтті. Ол бағалардың тым қымбаттап кетпеуі үшін бағаларды шектеуді ұсынып отыр.

«Пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын. Осыған орай, пәтерлерді жалға беру бағасының шектік арасын айқындау қажет. Сонымен қатар бұл үрдіс жүзеге асырылуы үшін жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру, жалға алу және беру шартының типтік жобасын бекіту қажет», – дейді ол.

Ал тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын банк аясында «trade-in» бағдарламасын енгізуді ұсынды.

Еске сала кетсек, сарапшылар алдағы жылдары Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс арта түседі деп болжайды. 2030 жылға қарай жалпы республика халқының саны 1,6 млн адамға өспек. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының саны 1,2 млн адамға көбейеді. Нәтижесінде 6 жылдан кейін халықтың 28%-ы ірі қалаларға қоныстанады. Бұл өз кезегінде баспананың қымбаттап, тапшылықтың арта түсуіне жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыз