Ертістің суын Сырдарияға дейін жеткізу бойынша үлкен жоба бастап жатырмыз – Су ресурстары министрлігі

Жарияланды
Ертістің суын Сырдарияға
Министрлік өкілі Ертістің суын Сырдарияға жеткізу жөніндегі үлкен жоба басталатынын мәлімдеді / Фото: kursiv.media

Болашақта Орта Азияда су тапшылығы болмайды. Су ресурстары және ирригация министрлігі болашақта Ертістің суын Сырдарияға жалғауды көздеп отыр. Бұл жайлы Мәжілісте өткен жиында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз айтты.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланды.

Жиында депутат Ерлан Сайыров болашақта Қазақстанның оңтүстігі мен Орталық Азия елдерінде су тапшылығына байланысты жағдайдың қиындай түсетінін айтты. Осы орайда су үнемдеу технологияларын енгізуде екі елдің қарқынды түрде жұмыс жүргізуі қажет деп санайды.

«Алдағы 10 жылдың ішінде Орталық Азия елдері мен оңтүстік Қазақстан жерлері, су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамай қалады деген болжам бар. Бұл негативті сценарийге алып келмеу үшін Қазақстан су үнемдеу технологияларына көшуі керек. Өйткені су тұтынушыға жеткенше, оның 40-50% ысырап болады. Ал Сырдарияның 80%-ын Өзбекстан пайдаланады. Осы орайда су ысырап болмау үшін бізге екі мемлекеттің арасында су үнемдеуге қатысты ғылыми техникалық интеграция орнату керек. Министрлік мен айтқан негативті сценарийдің болмауы үшін қандай шаралар атқарып жатыр?», – деп сұрады депутат.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз су үнемдеуге қатысты Қазақстанда арнайы жол картасы қабылданғанын, сонда көрсетілген мерзімде елдің су үнемдеу технологиясына көшетінін жеткізді.

«Жол картасында қай жылы қандай көлемде су үнемдеу технологиялары енгізілетіні туралы жазылған. Негізінен су климаттың өзгеруіне байланысты сонымен бірге өзінің цикліне байланысты азайып, көбейіп отырады. Яғни бір кезде аз, бір кезде көп келуі табиғи құбылыс. Мысалы, 1974-1976 жылдары Кеңес өкіметі тұсында су аз келіп, Қызылорда облысында 50 мың гектар жердегі күріш күйіп кеткен болатын», – деді вице-министр.

Министрлік өкілі Орталық Азия елдеріндегі су тапшылығы мәселесінің шешімі бар екенін айтты.

«Орталық Азиядағы су тапшылығына қатысты Үкімет тарапынан бір үлкен жоба қарастырылып жатыр. Ертістің суын Сырдарияға дейін жеткізу бойынша үлкен жобаны бастап жатырмыз»,– деді Бекнияз.

Ал Ертіс пен Сырдария өзендері бір-бірінен өте алшақ ағады. Бірі Шығыста, екіншісі Оңтүстікте. Екі өзеннің арасында 2 мың шақырымнан астам ойлы-қырлы дала жатыр.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін екенін айтқан болатын. Президент елдің аграрлық секторы 60%-дан астам су тұтынатынын, жергілікті жерде су үнемдеу аса маңызды екенін айтты. Осы орайда сын-тегеурінге жауап ретінде Қазақстанның су секторын жаңғыртуға көшетінін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз