2030 жылға қарай сұйытылған мұнай газының тапшылығы болмайды – Энергетика министрлігі

Жарияланды
тауарлық газ бағасын
Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында өндіріс қуатын арттыру есебінен сұйытылған мұнай газының тапшылығы жойылады / Фото: kursiv.media

2030 жылға қарай Қазақстанда сұйытылған мұнай газының тапшылығы болмайды. Энергетика министрлігі өнімді сол кезде бір-ақ тауарлық биржаға шығаруды ұсынып отыр. Бұл жайлы Мәжілісте өткен жиында талқыланды.

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы талқыланды.

Заң жобасында тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерден алып тастау көзделген. Одан бөлек заңда мынадай мәселелер қамтылады:

  • стандартты аукционды және стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан шығару;
  • стандартталмаған тауарлармен сауданы электрондық сауда алаңдарына ауыстыру;
  • тауар биржалары жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен ашықтығына қойылатын талаптарды арттыру;
  • биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу;
  • брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу;
  • биржалық боттардың қатысуымен жасалатын шарттарды елеусіз деп тану;
  • әлеуметтік тауарлармен сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптарды енгізу.

Сондай-ақ заң негізінде тауар биржаларына мемлекеттік бақылау күшейіп, әлеуметтік тауарлармен сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптар енгізіледі.

Осы орайда депутат Еділ Жаңбыршин тауарлық биржаға әлеуметтік маңызы бар өнім ретінде шығарылуы тиіс сұйытылған мұнай газына (СМГ) қатысты мәселені қозғады. Депутаттың айтуынша, 2021 жылы тауарлық биржаға сұйытылған мұнай газын 100% көлемде шығаруды көздейтін заңға өзгерістер енгізілген. Алайда өнімді биржада сату жөніндегі нормативтік актілердің толық әзірленбегені себепті әрі сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы тапшылығына байланысты депутаттар норма беріп, оның мерзімі 2025 жылға дейін ұзарған.

«Өздеріңіз білесіздер, спекуляция жасалып, газдың бағасы 1 литріне 120 теңгеге дейін көтерілді. Мұның салдары қандай болғанын 2022 жылы көрдік. 2 жыл бұрын біз депутаттармен бірлесіп, 2025 жылға дейін биржаға сұйытылған мұнай газын шығармау туралы норма бергенбіз. Осы жылдың желтоқсан айында оның уақыты бітеді. Сол үшін біз өнімді 2030 жылға дейін биржаға шығармау жөнінде тағы да норма беріп отырмыз. Осы орайда мына нәрсені білсем деп едім, министрліктер сұйытылған мұнай газын тауарлық биржаға шығару жөнінде нормативтік құжаттарды толық дайындады ма? 2030-ға дейін сұйытылған газ тапшылығы жойыла ма?», – деді депутат.

Өз кезегінде Энергетика министрлігінің өкілі СМГ-ні тауарлық биржаға шығару мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту мәселесін қолдайтынын жеткізді. Себебі бұл өнімге тапшылық сол уақытқа қарай бірақ жойылады.

«Министрлік СМГ-ні тауарлық биржаға шығару мерзімін 2030 жылға қалдыру туралы депутаттардың ұсынысын қолдайды. Расында, елде сұйытылған мұнай газы тапшы екенін өздеріңіз де білесіздер. Алайда 2030 жылға қарай тапшылық толық жойылады деп болжап отырмыз. Өйткені Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндіріс артады. Ол уақытқа қарай Қашағанда жыл сайын 800 мың тонна, Қарашығанақта 600-700 мың тонна өнім өндірілетін болады», – деді министрлік өкілі.

Сауда және интеграция министрлігінің өкілі де бұл өнімді тауарлық биржаға шығарудың тәуекелдері көп екенін, сол үшін оны кезең-кезеңімен шығару көзделіп отырғанын айтты.

«Біз СМГ-ны тауарлық биржаға шығаруға қатысты нормативитік құжаттарды әлі дайындап жатырмыз. Жұмыстар 2025 жылдың аяғына дейін толық аяқталады. Заңнамалық нормаларға сәйкес сұйытылған мұнай газы әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіліміне енгізіледі. Солайша бұл өнімді биржаға белгілі бір көлемде кезең-кезеңімен шығаруға мүмкіндік туады. Мәселен, 2026 жылы – 20%, 2027 жылы – 30%, 2030 жылы – 100% көлемінде шығаруға болады», – деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз