Жаңалықтар

Екі ай бұрын қамауға алынған Қырғызстан президентінің немере інісі үйқамаққа шығарылды

Қырғызстан президентінің немере інісі Ұлан Жапаров пара алғаны үшін шілде айында қамауға алынған болатын / Фото: kursiv.media

Пара алды деген күдікпен қамауға алынған Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере інісі Ұлан Жапаров үйқамаққа шығарылған. Бұл туралы Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

БАҚ-қа Бішкектің Первомай аудандық соты күдіктінің қамаудан шығарылғанын растаған. Сот 24 тамыз күні ҰҚК Тергеу басқармасы тергеушісінің өтінішхатын қанағаттандырып, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шешім шығарған.

«Жапаров Ұ.Р.-ға қатысты бұрын қолданылған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертілді, ол 19 қыркүйекке дейін үйқамаққа алынады», – делінген сот хабарламасында.

Айта кетсек, Ұлан Жапаров шілде айында ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті біреуден 100 мың доллар көлемінде пара алып, оны Қырғыз Республикасы Президентінің өкілетті өкілі лауазымына орналастыруға уәде берген. Алайда уәдесінде тұрмаған. Бұл жағдай ұлттық қауіпсіздік қызметіне белгілі болып, президенттің туысы қамауға алынған.

Ұлан Жапаров бұған дейін де жемқорлық жасады деген күдікке ілінген болатын. 2023 жылдың маусымында ол кеденге қатысты сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысқаны үшін Бішкектегі №1 тергеу изоляторына қамалған. Алайда төрт айдан кейін үйқамаққа шығарылған. Ұланның әкесі Рақымжан Жапаров пен президент Садыр Жапаров — немере ағайын боп келеді.

Ал мұның алдында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере қарындасы Лазат Нұрқожаеваға ұсыныс жасаған жігіт ұсталған болатын. Сол кезде қыздың жігіті Афтандил Сабырбековты есірткі бизнесіне қатысы бар екені айтылды.