Илон Масктің компаниясы көзі нашар көретіндерге арналған имплант жасап шығарды

Жарияланды
Neuralink импланты арқасында зағиптың да көзі көретін болады / фото: Х

Neuralink импланты бүкіл әлемге айрықша өзгеріс әкелуі мүмкін. Нейротехнологиялық компания дүниеге зағип болып туылған жанның өзіне де көруге мүмкіндік беретін жаңа технология жасап шығарды. Аталған компанияның негізін қалаушы Илон Маск Х әлеуметтік желісінде осылай деп сүйінші сұрады.

Бұл технологияны АҚШ-тың Азық-түлік және дәрілерді бақылау басқармасы мақұлдап үлгерген.  

Технологияны жасаушылардың сөзіне қарағанда, алғашқы кезде бұлдырап тұрғанымен, келе-келе көз жанары қалыпты көре бастайды. Болашақта бұл құрал инфрақызыл, ультракүлгін немесе радиолокациялық диапазонда да көруге мүмкіндік бермек.

Масктің өзі бұл құралды пайдаланған адамды «Жұлдыз жолы: Келесі буын» атты ғылыми-фантастикалық сериалдағы Джорди Ла Форжа атты кейіпкерге ұқсатып отыр. Кейіпкер тумысынан зағип болған, сондықтан жарты ай тәріздес ВИЗОР деп аталатын құралды тағып жүрген.

АҚШ-тың денсаулық сақтау министрлігі бұл жаңа құралға «революциялық құрылғы» деген атау беріп отыр. Адам өміріне қауіпті дерттерге диагностика жасап, емдей алатын құралдарға осындай белгі қойылады.

Маск биыл наурыз айында зағиптарды көргізетін нейрочип әзірлеп жатқанын айтқан еді. Маймылдарға сәтті сынақ жасағанын да жеткізген болатын.

Миллиардер өзіне миға енгізілетін чипті қолданып көрмек. Болашақта мұндай чиптер электрониканы басқарып қана қоймай, аяқ-қолдың қимылын жақсартып, депрессиямен күресуге, есту қабілетін арттырып, мидың белсенді жұмыс істеуіне көмектесетін көрінеді. Мұның алдында Илон Масктың байлығы 2027 жылға қарай триллион долларға жетуі мүмкін екені жөнінде жазғанбыз. 

Сондай-ақ оқыңыз