Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов биылғы жылыту маусымы қашан басталатынын және маусым кезінде кездесетін өзге де мәселелер туралы айтты. Ол Екібастұз бен Риддердегідей оқыс оқиғалар биыл болмайды деп сендірді.
«Былтыр жылыту жүйелерінің тозу деңгейі 73 пайызды көрсетті. Екібастұзда – 91 пайыз, Павлодарда 83 пайыз болды. Солтүстік өңірлер тағы да жылусыз қалмай ма? Бұған кепілдік бере аласыз ба?» деген сауалға вице-министр мынадай жауап берді:
«Кепілдік беру, бақылау – біздің міндетіміз. Былтыр жылу маусымы тұрақты өтті. Ол оқиғалар 2022-2023 жылғы жылыту маусымында болды. Екі жыл ішінде кең көлемде жөндеу жұмыстарын жасадық. Қанша қаржы бөлінді. Қазір Екібастұздағы тозу 60 пайыздан төмен. Он қазандықтың 8-інде ремонт жасалды. Биыл қазандықтар санын 15-ке жеткіземіз. Жылыту маусымы тұрақты болады деген сеніміміз бар».
Сұңғат Есімханов жалпы еліміздің жылыту маусымына дайын екенін мәлімдеді. Айтуынша, қазандықтарды жөндеу жұмыстары кесте бойынша жасалып жатыр. Жылыту мекемелерінің 90 пайызы отын қорын жинап үлгерген. Тек қана екі-үш мекемеде жұмыс әлі жалғасып жатыр.
«Бүгінге күні 90 мың тоннадай мазут бар. Жылу электр стансалары мазутпен емес, көмірмен жұмыс істейді. Мазут от жағуға қосымша құрал болып табылады. Министрлік шығандарды азайту үшін әлеуметтік мазут бекітті. Оның бағасы нарық бағасынан төмен. Нарықта 150 мың теңгенің көлемінде болса, мекемелермен келісіп, бағасы 115 мың теңге көлемінде бекітілді. Қыркүйек айынан бастап мекемелер осы бағамен ала бастайды», – деді вице-министр.
Сұңғат Есімхановтің айтуынша, биыл жүктеме былтырғыға қарағанда 5 пайызға артады деп болжап отыр. Әсіресе, ең қатты суық күндерде көбейеді. Бірақ министрлік одан үлкен мәселе көріп отырған жоқ.
Десе де, тарифтердің көтерілуі мүмкін екенін тұспалдады. Өйткені, жылыту мекемелеріндегі жалақы екі есеге дейін көтерілген.
«Желілерде кадр тапшылығы бар. Оған жалақының аздығы себеп болып отыр. Сондықтан 400 мыңнан асатындай етіп көтердік. Содан кейін кадрлар басқа салалардан қайтып келе бастады. Өйткені, энергетиктер көп жалақы беретін аралас салаларға кетіп жатты. Айлық аз болғандықтан осы мамандықты таңдаған абитуриенттердің де саны азайған», – деді вице-министр.
Жалақының төмендігінен жылыту мекемелерінде 20 пайызға дейін бос жұмыс орны бар Былтыр электр энергиясында екі мыңға жуық жұмыс орны болса, қазір сәл ғана азайған.
Биыл қыркүйек айы әдеттегіден суық. Жұртты жылыту маусымын ерте бастау мүмкіндігі қатты қызықтырып отырғаны анық.
«Жылыту маусымының бекітілген күні жоқ. Біз «1 қазан» немесе «15 қазан» деп қалыптасқан дәстүр бойынша айтамыз. Ереже бойынша, үш күн бойы + 8 градустан төмен орташа температура болса, жергілікті әкімдіктер жылу маусымын бастау туралы шешім қабылдайды. Әр аймақтағы ауа-райы әртүрлі. Сондықтан олар дербес шешім шығара алады. Әкімдіктер ондай шешім қабылдап жатса, жылыту мекемелерінің дайындығы бар», – деді вице-министр.
Айта кету керек, маусым айында жазғанымыздай Үкімет Екібастұз қаласындағы жылу электр орталықтарын жаңғыртуға резервтен 3,4 млрд теңге бөлген болатын. Бұл қаражат қазандық агрегаты мен су магистралін салуға бағытталған болатын.