Еуропалық одақ Грузияны ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын қабылдамауға үндеді
Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелл Грузияны ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды кері қайтарып алуға шақырды. Дипломат бұл қадам «осы елді ЕО-ға барар жолдан одан әрі алыстатады» деп санайды.
Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррелл Грузияны «ЛГБТ насихатына» тыйым салатын «Отбасылық құндылықтар және кәмелетке толмағандарды қорғау» туралы заңды кері қайтарып алуға шақырды. Бұл туралы Жозеп 18 қыркүйек күні X әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жазды.
Боррел жаңа заңды «адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіреді» және «кемсіту мен стигматизацияны күшейтеді» деп атады. Оның айтуынша, бұл заң Тбилисидің Еуропалық Одаққа кіруге «одан әрі алыстай түсуіне» себеп болмақ.
Ал Грузия парламенті соңғы оқылымда ЛГБТ насихатына және азаматтардың жынысын ауыстыруға тыйым салуға келісті. 84 депутат заң жобасына бірауыздан дауыс берді. Оппозициялық партиялар дауыс беруден бас тартты.