Израиль Ливандағы Хезболлаға тиесілі шағын радиостанцияларды тағы да жарып жіберді
18 қыркүйекте Израиль Ливандағы Хезболла мүшелері жекелей пайдаланатын мыңдаған екіжақты радиостанцияларды және байланыс құрылғыларын бір мезгілде жарып жіберді.
Axios агенттігі мұны құпия операциялардың екінші бөлімі деп атайды. Агенттік радиостанцияларға алдын ала мина қойылған деген ақпарат таратты. Бұл жарылыстар Хезболланың қауіпсіздік жүйесіне елеулі соққы болғаны анық.
Press TV Бейрут маңында Ливан қозғалысының байланыс құрылғылары жарылғаны туралы жазды. Жаназа кезінде болған жарылыстан бірнеше адам жараланған.
BBC Бейрут маңындағы, сондай-ақ Ливанның оңтүстігіндегі бірнеше ғимарат ішінде де құрылғының жарылғанын хабарлады. Ливан ішкі істер министрлігі кем дегенде 9 адамның өлгенін, 300 кісінің жараланғанын мәлімдеді.
Хезболла жетекшілері тұрғындардан телефондар мен басқа да электронды құрылғылардан аулақ жүруді сұрайды.
17 қыркүйекте Ливанда «Хезболла» тобы мүшелерінің бір-бірімен хабар алмасатын пейджерлері мен рациялары жарылды. «Хезболла» кибершабуыл жасады деп Израильді кінәлады. Топ мүшелері Израильдің арнайы қызметі тыңдайды деп смартфоннан бас тартып, байланыс үшін пейджерлерді пайдаланады.