АҚШ-та Tupperware брендімен танылған компания банкрот болудың алдында тұр
АҚШ-та тамақ салуға арналған пластикалық контейнерлер ұсынатын Tupperware бренді банкрот болуға өтінім берді. Guardian басылымы шығынға белшесінен батқан компания жас тұтынушыларды тарту үшін жаңа менеджерлер іздеп жатқаны туралы жазды.
1946 жылы химик Эрл Туппер негізін қалаған, өзінің патенттелген мөрімен танымал болған компания АҚШ-тың банкроттық туралы кодексінің 11-тарауына сәйкес құжаттарын рәсімдеуде.
Компания басшылары қаржылық ахуалына экономикалық жағдай «кері әсер етті» деп мәлімдеді.
1950 және 1960 жылдары компанияның сауда агенттері, негізінен әйел қызметкерлер, пластикалық ассортиментті сату үшін Tupperware кештерін өткізген кезде бренд ретінде танымал болды. Сол арқылы көптеген адамның қолайлы уақытта қосымша ақша табуына мүмкіндік туды.
Массачусетс штатында орналасқан компанияның пластикалық контейнерлері шағын азық-түлік қоймасы іспетті болды. Коронавирус пандемиясы кезінде оның қызметі қайта жанданды, өйткені карантинге байланысты тұтынушылар үйде тамақ дайындауға көбірек уақыт жұмсады. Алайда TikTok пен Instagram-да жастар арасында тауарын үздіксіз өткізіп жатқан компаниялармен бәсекеге түсе алмай, сатылым көрсеткіші төмендеді.
Өткен жылы компания қажет қаражатты шұғыл жинай алмаса, банкроттыққа ұшырайтынын ескертті. Басшылар «өзінің танымал брендін қорғай алатын және Tupperware-ді цифрлық бірінші компанияға айналдыра алатын» әлеуетті сатып алушыларды іздеп жатқандарын хабарлады. Сот процесі кезінде жұмысын жалғастыру үшін соттың рұқсатын сұрайтынын да жасырмады.
Банкрот болатыны туралы хабардан кейін, Tupperware акцияларының бағасы осы аптада 50%-ға төмендеді.