Психологтың алдына барып, ішіндесін жайып салуға екінің бірі дайын бола бермейді. Тіс дәрігерінің қолындағы құралынан қорқып бармайды десек, психологқа баруға қорқуының себебі басқада. Шынында кей адамдар психологқа баруға жүрексінеді. Өйткені психологқа ақтарылып, эмоция мен проблеманы ашып айтуға дағдыланбаған. Сондықтан ішкі жай-күйін реттеу үшін маманға бармастан өзі шешкенді жөн көреді. Сөйте тұра жақын досы не туғандарының иығына басын сүйеп, шерін шығаруға да батпайтындар бар. Бүгінгі материалымызда оның себептеріне үңіліп, Қазақстанда қай жерде тегін психологиялық көмек берілетініне тоқталамыз.
Әдетте балалар «сабаққа барғым келмейді» деп қиғылық шығарады. Бұлай десе, демек, себебі бар деген сөз. Біреу досымен сөзге келіп қалады, енді бірі «екі» алған болып шығады. Кейде жай ғана таңертең тұруға ерінеді не әл-дәрмені азайғаннан барғысы келмейді. Мұндайда бей-жай қарамай, балаларға проблемасын айтуға үйреткен абзал. Иә, кімге болсын ішіндегісін айту оңай емес. Балаларға да қиын. Осындай жағдайда психологтың көмегіне жүгінуге болады.
Көпшілігі психологқа баруды психикалық түрде ауру адамның баратын жері деп түсінеді. Болмаса, өзінің әлсіздігі мен дәрменсіздігін мойындағандай сезінеді. «Өз мәселемді өзім шеше алмасам, өз басымды өзім алып жүре алмасам, не үшін адам боп жүрмін» дейтіндер де бар. Әйтсе де, бұл ой қате. Себебі психологқа барғанда тұрған ештеңе жоқ. Ол — қалыпты құбылыс. Жүрегі ауырған адам кардиологқа баратыны сияқты, психиканың да ағза екенін есте ұстаған дұрыс. Психиканы аялау керек. Асқазан ауырған кезде өздігімен қойып кетеді деп жүре беруге болмайтынын барлығымыз білеміз. Депрессия, мазасыздық не басқа да психологиялық мәселеде де өзі шешілер деп уақыт еншісіне қалдыруға салуға болмайды.
Не үшін психология мейнстримге айналып жатыр?
Өкінішке қарай, Қазақстанда «психогигиена» айтарлықтай жақсы қалыптаспаған. Десе де, қазіргі заманда ол аса қажет. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге өте маңызды. Себебі айналада буллиң көп. Суицид жасауды ойлайтындар мен өмірін қыршынынан қиған жас аз емес. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі тағы бар. Әке-шешесінің айқайы, мектептегі бөліну проблемалары жас балаға оңай емес. Ал ондай ауыр күйде жүрген оқушы жарқын болашақ жайлы ойлана бермеуі мүмкін. Келешекке керемет жоспар құрып, табысты болуға, өзін дамытуға құлқы болмайды. Себебі айналасынан тепкі мен езгі көріп жүрген жасөспірім сабақ жайлы емес, негатив ойға көп беріледі.
Әйтсе де, қазіргі таңда мектеп психологтарына баруға болатыны туралы оқушылар жақсы біле бастады. Ол маманның қаншалықты білікті екені — екінші мәселе. Бірақ сең қозғалды. Сондықтан қазір оқушылар ата-анасымен тіл табыса алмай жүрсе, қатарластарымен сөзге келіп қала берсе, әлдебір мұғалім ұнамаса, біреуге ғашық болып қалса, үлгерімі нашарлап кетсе, мектептегі психологқа барып көмек сұрауды үйреніп келеді. Әдетте балалар оқу жылының ортасы мен соңына қарай шаршай бастайды. Сол шаршау оларға кейде психологиялық бұзылыс болып көрінуі мүмкін. Соның кесірінен өз-өзіне неше түрлі диагноз қойып алатындар да бар. Ал мұндайда негізі тынығып, физикалық та, психологиялық та тұрғыдан демалған жөн.
Кейінгі кездері интернет-технологияны шектен тыс қолданғаннан желіде небір қауіп пайда болып жатыр. Соның ішінде интернеттегі қауіпсіздік және кибербуллиң мәселесін жиі айтамыз. Ең көп кездесетіні — әлеуметтік желідегі буллиң. Бұрындары бөлектеп, күн көрсетпеу реал өмірде болатын болса, бүгін ол өңін өзгертіп, интернет-кеңістікке де жетіп алған. Әлдебір адамның өмірі туралы түрлі дерек жариялап, жүрекке ауыр тиетін пікірлер жазу үшін фейк-аккаунтар ашылады. Біреуді балағаттап, намысына тиіп жатқан сәттер таспаланады. Бұл, әсіресе, әлі буыны қатпаған, ой-өрісі толық жетілмеген жасөспірімге оңай тимейді. Тағы бір қиын мәселенің бірі — грумиң. Мұндай жағдайға жоғары сынып оқушылары жиі тап болады. Алдап-сулап танысып, эротикалық суретін жіберуін сұрап алады да, кейін соны желіге саламын деп қорқытып, қоқан-лоққы көрсетеді. Бір жақсысы, қазіргі ұрпақ психологтың көмегіне жүгінудің ұят емесін түсініп келеді. Оқушылар арасында өздігімен маманға барып, мәселесін бөлісетіндер аз емес.
Маманға барардағы қорқыныш пен кедергілер
Психологқа бармас бұрын жасөспірімдерде түрлі қорқыныш болады. Оның ішінде ең үлкен ой: «диагноз қойып, аурусың десе қайтемін?!». Одан қала берді ақтарылып айтқан ішкі күйзелісін, мәселесін психолог басқа біреуге айтып берсе не болады? Мектептегілер естіп қалса ше? Осы сынды сауалдар ойды жаулайды да, ақыр соңында «бармай-ақ қояйыншы» деп шешетіндер табылады. Әйтсе де, білікті маман, кәсіби психолог алдына келген адамның мәселесін жан баласына айтпайды, құпия сақтайды. Кейде жасөспірімдер психологиялық қиындықтарға баса мән бермей, құнсыздандырып, үстінен күлуі мүмкін. Енді бірі психолог пен психиатр деген екі түрлі маман екенін білмей, шатастырады. Алдымен мұндайда психологтың дені сау, бірақ қиналып жүрген адамдармен жұмыс істейтінін жақсы түсіну керек. Ол дәрі жазып бермейді, диагноз қоймайды. Бар болғаны клиентіне өзін түсінуге, айналасындағылармен тіл табысуға көмектеседі. Ал психиатр болса, психикалық ауруларды емдейді. Ол медикаментозды терапия қолданып емдеуі мүмкін.
Тағы бір жиі кездесетін кедергі — маманға сенім жоғы. Психолог пен психологиялық көмек туралы көп негатив стереотип қалыптасқан. Оның ішінде «еш көмектеспеді», «ақыл айтты», «ұялтып, одан бетер түңілтіп жіберді» деген пікірлерді кездестіруге болады. Әрине, ең алдымен мұнда маман білікті әрі әдепті болуы қажет. Психолог этикасын сақтауға барлығы міндетті. Әсіресе, жасөпірімдермен жұмыс істейтін мамандарға оңай емес. Себебі оларға басқаша әдістер, көзқарастар қажет. Ересек адам психологтың алдына барған соң өзіне не керегін жақсы біледі. Әрі өзіңізге ұнайтын маман тапқанша бірнешеуіне барып, ішінен бірі таңдауға болатынынан да хабардар. Ал жасөспірімдерде жағдай сәл басқаша. Бір кезіккен маман ұнамай қалса, оның әлемдегі барлық психолог туралы ойы солай қалыптасады. Психологқа бір барғанда маман оны түсінбесе, екінші рет есігін ашпай қояды. Себебі балалар мен жасөспірімдерге психологтың қай оқу орнын бітіргені, қанша жылдық еңбек өтілі бары, бұрын қайда істегені маңызды емес. Оған бар керек дүние — мейірім мен эмпатия. Осы нәрсе олар үшін өте маңызды. Балалар бәріне өлшем бірлік ретінде адамдықты қояды. Сол себепті алдына келген жасөспірімге ақыл айтып, бағыт беріп емес, алдымен жақсы байланыс орнатып алу керек. Ішіндегі мәселесін құнсыздандырмай, қайта әр сезімнің маңызды екенін түсіндірген абзал. «Сені түсінемін, сені қолдаймын» деу қажет.
Осы ретте ата-аналар тарапынан болатын кедергілерді де атап өту керек. Мысалы, психологиялық мәселелерден де маңызды дүниелер бар деп есептейтіндер болады. Одан қала берді «ұят» деген бар. «Ата-ана ретінде өз рөлін дұрыс орындамағанның кесірінен баласы маманға көрініп жүр» дегеннен ұялатындар болады. Әйтсе де, ата-ананың да, психолог маманның да өзіндік рөлі, атқаратын қызметі бар. Бірі екіншісінің орнын баспайды. Ата-ана мейірімге қандырып, әлпештеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықта шоқыттырмай, махаббатқа бөлеп өсіруге міндетті. Ал психолог болса, өмірдегі түрлі қиындықты, кризис жағдайларды өздігімен не маман көмегімен шешуге бағыт береді. Ата-ана баласын қатты жақсы көруі мүмкін, бірақ балалар мен жасөспірімдер психологиясынан онша хабардар емес делік. Одан қала берді жасөспірімдерге мәселеге басқа қырынан қарайтын да адам қажет болады. Сондықтан баласы психологқа барған ата-ана жаман деген сөз емес. Бұл олардың ата-ана ретіндегі рөлін құнсыздандырмайды. Бар болғаны білікті, білетін маманға мәселенің шешімін табу үшін жүгінеміз. Көйлектің етегін қысқарту үшін тігіншіге барғандағыдай мәселе деп қарастыру қажет.
Қазақстандағы тегін психологиялық көмек
«111 — Amanat» мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығы
Отбасы, әйелдер, балаларды қорғау мәселелерімен айналысатын, жаңа сенім телефоны. Былтыр күзде ашылған еді. Алғашқы төрт күнде 1688 адам түрлі мәселемен хабарласқан. Оның ішінде білім, ем алу, жәрдемақы, зорлық-зомбылық мәселелері көп. 111 нөміріне мына мәселелер бойынша хабарласуға болады:
- Қиналып жүрген, әлеуметік көмек не мемлекеттік қолдауға зәру адамдарды, отбасыны, балаларды білсеңіз;
- Зорлық-зомбылық, буллиң жасалып жүргенін білсеңіз;
- Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды білсеңіз.
Бұл желі қызметінің негізгі бағыты отбасы, әйелдер мен балалар құқығы десек те, көмекке зәру кез келген жастағы азамат хабарласа алады. Операторлар қолдан келгенше көмектеседі. Қоңырау шалғанда барлығы аноним түрде болады. Байланыс орталығы демалыссыз жұмыс істейді. Тәуліктің кез келген бөлігінде хабарлассаңыз болады.
Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны — 150
Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сенімді орталық. Психологиялық көмекке зәру адамдар хабарласа алады. Бұрын аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін. Бірақ қаржылай қолдау жағы қиын болып, амалсыздан кестені өзгерген. Қазір орталықтың жұмыс кестесі мынадай: дүйсенбі-жұма аралығында, 9:00 мен 18:00 аралығында операторлар қоңырау қабылдайды. Сенім телефоны бұрынғы кестесіне көшу үшін қазіргі таңда барын салып жатыр. Қоңырау шалсаңыз, барлығы аноним түрде өтеді. 150 нөмірін теріп хабарласыңыз. Болмаса, WhatsApp нөмірі: +7 708 106 08 10.
1303 сенім телефоны
Алматыдағы Психологиялық денсаулық орталығының сенім телефоны. Әлдебір психологиялық көмек не қолдауға зәру болсаңыз, хабарлассаңыз болады. Жасқа байланысты шек жоқ. Кез келген өтініш құпия түрде жүреді. 1303 телефон нөміріне хабарласыңыз. Егер ала алмасаңыз, онда +7 708 983 28 63 және +7 727 376 56 60 деген нөмірлері де бар. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді.