Жоғары аудиторлық палата ҚДБ 25,9 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, 15,8 млн теңгенің пайдасын «жіберіп алғанын» хабарлады
Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата негізгі даму институттары – «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және оның «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ еншілес ұйымына аудит жүргізді. Оның қорытындысы бойынша кейбір салаларда жобаларды қаржыландыру үлесі төмендеген. Ал дайын өнімдер, жеңіл және дәрі-дәрмек шығару өнеркәсібі секілді бағыттар мүлде қолдау көрмеген.
Әлихан Смайыловтың пікірінше, жеңілдігі бар қаржы түпкі алушыларға өгіз аяңмен жетеді. Бұл нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың нәтижесін жоққа шығаруы ғажап емес.
«Бюджеттен ақша инвестиция салуға, салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлінеді. Сіздер жедел бөлуге міндетті болсаңыздар да, оның үстінде отырып алғансыздар. Мемлекет ақшасын депозиттегі шоттарда ұстайсыздар. Олай болса, бұл қаражатты басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобаларға жұмсауға болар еді», – деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлардың сөзіне қарағанда, кейбір ірі бизнес өкілдері «Қазақстанның даму банкін» сауын сиырға айналдырып алғаны байқалады. Соңғы бес жылда ат төбеліндей топтың жеке банкіне айналған. Мұның кесірінен түпкі мақсат орындалмай жатыр.
«Экспорт бойынша сіздер қойған қарсы міндеттемелердің жайлылығы сонша, қарыз алушылардың оны арттыруға ешқандай құлқы болмайды. Соның кесірінен, сіздер қолдап отырған кәсіпорындардың үлесі 2020 жылдан бері екі есе қысқарған – 9,1%-дан 4%-ға дейін. Ал біздің ірі даму институты ретінде ҚДБ негізгі миссиясы – өңдеуші өнеркәсіптің экспорттық потенциалын ілгерілету», – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Сонымен қатар қауіп-қатері жоғары жобаларды қаржыландыру дерегі де анықталып отыр. Олқылықтардың кесірінен қаржылық ахуал нашарлап, өнімдерді экспорттау жоспары орындалмаған.
Аудит барысында 1,2 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар, 25,9 млрд теңге қаражат тиімсіз жоспарланғаны, қолданғаны, 64 процедуралық заң бұзу және 9 жүйелік кемшілік анықталған. Бұдан жіберіп алған пайда мен экономикалық шығындар 15,8 млн теңгені құрайды.
«Қазақстан Даму Банкінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Қаржы құрылымының мақсаты – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету.
Айта кетейік, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі Мәжіліс отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкінің қызметіне көңілі толмайтынын мәлімдеген еді.
«ҚДБ негізінен қаржы, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы белгілі бір топтың жеке банкіне айналды»,- деген Тоқаев.