АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) негізгі мөлшерлемені төмендетуі Bitcoin (BTC) криптовалютасының қымбаттауына ықпал етті. Соңғы тәулікте биткоин бағасы 2,39%-ға өсіп, кейінгі үш аптадағы ең жоғары деңгейіне жеткен.
Bloomberg басылымының жазуынша, биткоинның бағасы 1,23 триллион доллар капиталдандырумен 62,5 мың долларды құрайды.
Биткоин бағасының шарықтауына ФРЖ мөлшерлемесін 50 базистік пунктіге төмендетуі себеп болған. Агенттік мөлшерлемені жылдық 4,75-5% аралығында ұстау туралы шешім шығарған.
ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл экономикаға қатысты алаң көңіл басылып, инфляцияның жоғарылауы мен салқындаған еңбек нарығы арасындағы тәуекелдер теңдескенін атап өтті.
Сарапшылар ФРЖ базалық мөлшерлемені кейінгі 4,5 жылда алғаш рет төмендеткенін жазады. Реттеуші 2022 жылдың наурызынан бері негізгі мөлшерлемені көтеріп келген.
Негізгі мөлшерлеменің өзгеруі қаржы нарықтарына, соның ішінде цифрлық активтер нарығына да әсер етеді. Мөлшерлеме төмендегенде, нарықтағы ақша арзандап, инвесторлар компания акциялары, тауарлар мен басқа активтерге, соның ішінде криптовалюталарға инвестиция салу арқылы тәуекелге баруға дайын.
Наурыз айындағы құны 70 мың доллардан асқан биткоин тамызда әлемдік қор нарығындағы дүрбелең салдарынан 11%-ға құлдыраған болатын.
Биткоинның ізін ала өзге криптовалюталар да қымбаттады. Мәселен, Ethereum (ETH) өткен тәулікте 4% өсіп, 2,42 мың долларға жетсе, Solana (SOL) бағамы – 5,6%-ға, XRP (XRP) – 1,2%-ға өсті. Toncoin (TON) 4,3%-ға қымбаттады. Криптовалюталардың жалпы нарықтық капитализациясы соңғы 24 сағат ішінде 1,9%-ға өсіп, 2,24 триллион долларға жеткен.
ФРЖ шешімі аясында коммерциялық банктердің акциялары күрт өсті. Олардың кейбірінің қағаздары сессияның ең жоғары деңгейіне жетті. SPDR S&P Bank ETF 2,4%-ға өсті. ServisFirst Bancshares және Glacier Bancorp 4%-дан қосты. SPDR S&P-нің аймақтық банктік ETF-і 3,3%-ға өсіп, 23 тамыздан бергі ең жақсы күн тіркелді.