650 млн теңге залал келтірген: халықаралық іздеуде жүрген алаяқтар ұсталды
Ішкі істер министрлігі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген бірнеше қылмыскерді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Қылмыскерлер жәбірленушілерге 650 млн теңгеден аса залал келтірілген. Мәселен, Қарағанды қаласында құрықталған 45 жастағы ер адам 2018 жылдың шілдесінде өзі Ақтөбеде отырып, елордада жылжымайтын мүлік сатып алып беру сылтауымен 100 млн теңгені иемденіп кеткен.
Ал Алматы қаласында 44 жастағы тұрғын көкөніс пен жеміс жеткізіп берем деп 516 млн теңгені жымқырып кеткен.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша. Ресейдің Мәскеу қаласында 30 жастағы қазақстандық азамат ұсталған. Ол да алаяқтық жолмен ондаған миллион теңгені қалтаға басқан. Жалпы жыл басынан бері полиция 1360 қылмыскерді ұстап, 1000-нан астам жоғалған адамның қайда жүргені анықталған.
Бұған дейін 27 миллион теңге жымқырған күдікті әйел Түркиядан елге қайтарылған. Тамыздың соңында Бас прокуратура Мәскеуде тағы бір күдікті ұсталғанын хабарлаған болатын. Қазақстан аумағында ірі көлемде есірткі контрабандасымен айналысқан күдікті азамат Ресейде ұсталып, елге экстрадицияланған болатын