Қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистика кешені құрылады. Тоқаев заңға қол қойды
Қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистика кешені құрылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қос тараптың келісімін ратификациялау туралы заңға қол қойды. Логистикалық хаб «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында орналасады.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пунктілері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарлама.
Келісімге сәйкес, сауда-логистикалық кешеннің жалпы ауданы 7,6 шаршы шақырымға тең. Қазақстан бөлігінің ауданы – 3,6 шаршы шақырым болса, қырғыз бөлігінің ауданы – 4 шаршы шақырым. Құрылыс-жөндеу жұмыстарын Қазақстан қаржыландырады.
«Интерфакс» агенттігінің мәліметі бойынша, инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Сауда-логистикалық кешен іске қосылған соң, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналысы жылына 3 млрд долларға жетпек.