Жаңалықтар

Акцияларының 23%-ы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі «Үшқұю» компаниясы 2023 жылы топ-менеджерлеріне 8,4 млн теңге төлеген

«Үшқұю» компаниясы 2023 жылы топ-менеджерлеріне қанша төлегені белгілі болды / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Акциясының 23%-ы QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі «Үшқұю» мұнай-газ кәсіпорны топ-менеджерлеріне 2023 жылы жалпы 8,4 млн теңге төлеген. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) компания қанша сыйақы төлегені туралы есеп бермеді деп ескерту жасаған болатын.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның атқарушы органы мүшелерінің сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпарат орналастырылмаған», – деп жазылған хабарламада.

Агенттік бұл кемшілікті жоюға 30 қыркүйекке дейін уақыт берген.

Компания ақпаратына сәйкес, былтыр компанияның атқарушы орган мүшелері айлық жалақылары мен түрлі сыйақыларын қосқанда, 8 млн 389 мың теңге алған.

ҚНРДА компания сыйақы жайында есеп бермеді дегенімен, компания хабарламасы Қазақстан қор биржасының сайтына 28 тамыз күні орналастырылған.

Компанияның жалпы 9 акционері бар. Негізі акционерлерінің бірі – 2020-2022 жылдары QazaqGaz компаниясын басқарған Қайрат Шәріпбаев. Ол компания акцияларының 23%-ын иеленеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қайрат Шәріпбаев Дариға Назарбаеваның күйеуі екені айтылады. Сонымен қатар бұл компанияда Ерлан Мырзағалиев пен Ержан Достыбаевтың үлесі бар.

Мұнай компаниясы 2022 жылы 13,7 млрд теңге шығынға ұшыраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 29,4 млрд теңге таза пайда тапқан.