BYD-дің Қазақстандағы сатылымы кейінге шегерілді ме?

Жарияланды 19 Қыркүйек 2024 14:45

(жаңартылды 19 Қыркүйек 2024 15:56)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Алғашқы шоу-румдар 2024 жылдың бірінші тоқсанында ашылуы тиіс еді / Фото: Reurets

Қазақстанға әлемдегі ең танымал Қытай көлік бренді BYD ресми түрде 2024 жылдың күзінде әкелінеді деп жоспарланған. Astana Motors компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов мамыр айында берген сұхбатында осылай айтқан еді. Алайда бұл мерзім жыл соңына дейін шегерілген. Бұл туралы ол Алматыда өтіп жатқан Kazakhstan Growth Forum 2024 барысында айтты.

«Екі жылдан бері BYD компаниясымен келіссөздер жүргізіп келеміз. Алматының әл-Фараби даңғылы мен Астана жолдарында тестр-драйвтан өзкіздік. Қазақстанда таныстыруын жыл соңына дейін өткіземіз деп үміттенемін», – деді Смағұлов.

Өзбекстанда BYD автокөліктерінің ресми сатылымы 2023 жылдың сәуірінде басталды. Дистрибьюторлық қызметті қазақстандық Astana Motors компаниясы атқарды. Ол автокөлік брендінің аймақтық серіктесі.

Жыл басында Өзбекстанда аталған көлік маркасының зауыты іске қосылды. Қазір ала шапанды ағайындар жерінде 10-нан аса дилерлік орталық бар. Статистикаға сүйенсек, BYD Өзбекстан нарығында сатылымы бойынша ең көп сұранысқа ие көліктердің бірі.

Айта кетейік, BYD брендінің Қазақстан нарығына ресми түрде келуі көптен күткен оқиғалардың бірі. Себебі компания жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автомобильдер шығаруда абсолютті әлемдік көшбасшы. 2022 жылы BYD бензинді көліктерден толығымен бас тартты. 2023 жылдың төртінші тоқсанында электр көлігін сату бойынша Tesla-ны басып озып, әлемде бірінші орынға шықты.

Қытайдың автокөлік нарығында сауда бәсеңдеді. Алайда BYD компаниясы тамыз айында көлік саудасын арттырып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Сондай-ақ оқыңыз