Франция Ресейге Павел Дуров ісіне қатысты материалдарды беруден бас тартқан

Жарияланды 19 Қыркүйек 2024 15:02

(жаңартылды 19 Қыркүйек 2024 15:44)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Франция Ресейге Павел Дуров ісіне қатысты материалдарды беруден бас тартқан / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Франция Ресейге Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың тергеу ісіне қатысты материалдарды беруден бас тартқан. Бұл туралы «Россия 24» арнасында Ресейдің Франциядағы елшісі Алексей Машков айтты.

Ақпаратқа сүйенсек, Француз тарапы Павел Дуров ресейлік өкілдермен байланысқа қызығушылық танытпайтынын жеткізген. Франция іс бойынша материалдарды ұсыну туралы сұраныстан бірнеше рет бас тартқан

«Француздар Дуров мәселесін елдің ішкі жағдайы деп қарайды. Яғни Франция мемлекетімен француз азаматының қарым-қатынасы ретінде қарайды. Себебі бірнеше жыл бұрын Дуров француз азаматтығын алған. Сондықтан материалдарды ұсыну туралы бірнеше рет сұраныс жібергенімізге қарамастан, бас тартты және Дуровтың байланысқа қызығушылық танытпайтындығын айтқан», – деді елші.

Еске сала кетсек, 24 тамыз күні Telegram мессенджерінің иесі – Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған болатын. Оны жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонған кезде Франция полициясы тұтқындады.

Франция прокуратурасы оған 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро кепіл төлеп, бостандыққа шықты.   

6 қыркүйекте Telegram иесі Павел Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін, алғаш рет мәлімдеме жасап, Франция билігінің «Telegram платформасы уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тартты» деген уәжімен келіспейтінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз