ЕуроОдақта автокөлік сатылымы 18% қысқарды: Skoda, Lexus пен Volvo-ға ғана сұраныс артқан

Жарияланды 19 Қыркүйек 2024 13:29

(жаңартылды 19 Қыркүйек 2024 14:56)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Skoda, Lexus пен Volvo ЕуроОдақта сұранысқа ие автокөлікке айналды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылдың тамыз айында Еуропалық одақта автокөлік сатылымы 18,3%-ға дейін төмендеп кеткен. Бұл туралы Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығы (ACEA) хабарлады.

Сұраныс Еуропада өндірілетін Volkswagen тобының Audi, Seat, Porsche және т.б. көліктеріне 14,8%, Fiat Chrysler және PSA Group тобының Stellantis көліктеріне 29,5%, Renault компаниясының көліктеріне 13,9%-ға қысқарған.

Неміс автоөндірісінің BMW маркалі көліктерінің сатылымы 15,6%, Mercedes Benz көліктерінің сатылымы 12,7% төмендеген.

Еуропадан тыс аймақта өндірілетін көліктерге келсек, Оңтүстік Кореяның Hyundai Group сатылымын 14,5%, жапондық Toyota Group 4,3%, ал  америкалық электромобиль өндірушісі Tesla бір жарым есеге азайтқан.

Барлық танымал автомобиль брендтерінің ішінде чех бренді Skoda (0,2%), жапондық Lexus пен шведтік Volvo (0,25%) өсім көрсетті.

Өткен айда ЕО-да барлығы 643,6 мың автомобиль сатылған. Германияда сатылым 27,8%, Францияда – 24,3%, Италияда-13,4% , Испанияда-6,5% төмендеді.

Жалпы Еуропада сатылған жаңа көліктердің саны (ЕО елдері, сонымен қатар Исландия, Норвегия, Швейцария және Ұлыбритания) өткен айда 16,5%-ға, 755,7 мыңға дейін төмендеді. Оның ішінде Ұлыбританияда сатылым 1,3% қысқарған.

Еуроодақта электромобильдерді сату 43,9% төмендеп, 92,6 мың ғана болған. Әсіресе, Германияда электромобильдерді сату 68,8%-ға дейін қысқарған. ЕО нарығындағы жалпы сату көлеміндегі электромобильдердің үлесі бір жыл бұрынғы 21% көрсеткіштен 14,4% көрсеткішке дейін төмендеген.

2024 жылдың сегіз айында ЕуроОдақта автомобильдер сатылымы 1,4% өсіп, 7,2 млн құрады. Оның ішінде Испанияда көрсеткіш 4,5%, Италияда-3,8% өсті, ал Франция мен Германияда тиісінше 0,5% және 0,3% төмендеді.

Еуропалық Одақта электромобильдерді сату қаңтар-тамызда 8,3%, 902 мыңға дейін қысқарды.

Еске сала кетсек, Еуропалық одақ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге уақытша баж салығын енгізген еді.

Қытайда шілде айында электромобильдер мен гибридті көліктер (NEV) дәстүрлі көлік құралдарымен тең көлемде сатылған. Солайша бұл нарық бойынша рекорд орнатқан.

Сондай-ақ оқыңыз