Қазақстанда шағын бизнес ашу трендке айналды – сарапшы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үкімет 5 жыл ішінде орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отыр / Фото: shutterstock

Қазіргі уақытта Қазақстанда шағын және орта бизнес саласында 4 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда ШОб-тың үлесі рекордтық 35%-ға дейін өсті. Үкімет 5 жыл ішінде орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Kazakhstan Growth Forum 2024 барысында EMCG басқарушы серіктесі, экономист Қаcымхан Қаппаров айтты.

«Менің ойымша, бұл жаппай кәсіпкерліктің дамуы, трендке айналуы Қазақстанның артықшылығы. Бұл жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Үкімет 5 жыл ішінде орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл тұтастай алғанда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал етеді», – деді экономистр.

Қазіргі кезде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4%-ды құрайды. Бұл ретте жастардың 20%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

«Жастардың 20%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сонымен қатар соңғы жылдары жаппай кәсіпкерлікке көшу сынды тұрақты тенденция байқалуда. Жастар жалдамалы жұмысқа барғысы келмейді, өз ісін ашқысы келеді», – деген спикер мұның себебін атады.

Оның айтуынша, жастардың мұндай таңдау жасауының бірнеше себебі бар.

«Бизнес ашу оңай, оны әлеуметтік желілер, онлайн жүргізу де мәселені жеңілдетеді. Сонымен қатар ол үшін онлайн білім, кейде тіпті тегін білім алып істі бастап кетуге болады. Яғни арнайы білім мен дағдыларсыз ақша таба бастауға да болады», – деді Қаппаров.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы биылғы жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізуді тапсырған еді. Қазір бұл көрсеткіш – 7% шамасында.

Президенттің айтуынша, әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы шілде айында орта бизнеске берілген несие мөлшерлемесі айлық 0,4%-ға, яғни, 17,9%-ға жетті.

Бұл ретте несиелер портфеліндегі шағын және ірі бизнестің үлестері бірдей дерлік – сәйкесінше 45% және 42%, ал орта бизнес 13%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз