Қазақстанда электромобильдер қалай утилизацияланады? Өндірушілер екі жолын ұсынды

Жарияланды 19 Қыркүйек 2024 16:35

(жаңартылды 19 Қыркүйек 2024 16:59)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Қазақстанда электромобильдер қалай утилизацияланады? Өндірушілер екі жолын ұсынды
Елде электромобильдер саны 2,3 есе артты / Архив: kursiv.media

Қазақстанға ресми түрде әкелінген электромобильдер қалай утилизацияланады? Бұл сұраққа Kazakhstan Growth Forum 2024 барысында Astana Motors компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов жауап берді.

«Жуырда Қытайдың Шэньчжэнь деген қаласында болдым. Онда көліктердің 56%-ы электр энергиясының көмегімен жүреді. Бұл болашақтың қаласы, мұнда 20 млн адам тұрады. Ол әлемдегі ең үлкен гигаполис. Мұндай көліктер, әрине, Қазақстанға әкелінеді. Қазіргі кезде менің бұған қатысты ұстанымым оптимистік емес. Өйткені электромобильдерге инфрақұрылым қажет және аккумуляторды утилизациялау сияқты мәселелер де бар», – деді Смағұлов.

Осы орайда ол бензин көліктерден толығымен бас тартқан, тек гибрид және электр көліктер шығаратын BYD-ді атап өтті. Дәл осы темір тұлпар маркасы жыл соңына қарай елде ресми таныстырылмақ. Бұл ретте кейін оның батареялары қалай утилизацияланбақ?

«Қазақстанға BYD басшылары келді. Олармен батареяларды қайта өңдеу жолдарын талқыладық. Бірінші нұсқа – батареялардан зарядтау станциясы үшін арнайы ұяшықтар жасау. Бұл өте қызық идея, бірақ оны әлі технологиялық тұрғыда дамыту керек. Осы ұяшықтар басқа көліктерді зарядтау үшін пайдаланылмақ», – деді спикер.

Екінші нұсқа – электр аккумуляторды қайта өңдейтін зауыт салу.

«Бұл батареяларда көптеген құнды заттар қалады. Оны қайта пайдалануға болады», – деді спикер.

Алайда бұл Қытайдан Қазақстанға ресми әкелінген көліктерге ғана қатысты. Ал қазір Қазақстан жолдарында жүрген «жасыл» автолардың 98-99%-ы «сұр» жолмен жеткізілген. Аталған көліктердің аккумуляторлары ескіргенде, оның утилизациясына кім жауапты? Сұрақ көп, бірақ әзірге жауап жоқ…

Еске сала кетсек, Қазақстанда электромобильдер саны 2,3 есе артты. Олардың жартысынан көбі Алматы мен Астанада тіркелген.

Еске сала кетсек, «Курсив» Қазақстан нарығындағы ең сенімді қытайлық көліктердің үштігін атады. Сонымен қатар электрокар иелері салық пен утиль алымын төлемейді және басқа да артықшылықтарға ие.

Сондай-ақ оқыңыз