Қазақстанда балгер, астролог және экстрасенстер қалай және қанша ақша табады?
Қазақстанда балгер, астролог және экстрасенстердің қызметтеріне сұраныс тұрақты түрде сақталып келеді. Ал осы саладағы мамандардың саны жыл сайын артып жатыр. Тіпті олардың клиенттері арасында ірі кәсіпкерлер мен саясаткерлер де бар.
Google Trends деректері бойынша, 2024 жылдың тамызында «натальная карта» тақырыбындағы іздеу сұраулары рекордтық көрсеткішке жетті. Ал «тағдыр матрицасы» сұранысының танымалдылығы 2019 жылы 0 балды құраса, 2024 жылдың шілдесінде 100 балға дейін өсті. Бұл тенденция эзотерикалық қызмет көрсету нарығының сұранысы артып жатқанын көрсетеді.
Бұл қызмет қаншалықты заңды?
Эзотерикалық қызмет көрсету нарығының нақты көлемін бағалау қиын, себебі оның көпшілігі өз бетінше жұмыс істейді. Заң бойынша, балгер, таролог, астролог және басқа да мистикалық кәсіп өкілдері жылдық табысы 12 АЕК-тен (1 млн 20 мың теңге) асса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Алайда іс жүзінде бұл талап сирек орындалады. 2020 жылы коронавирустық пандемия басталғанда экстрасенстердің қызмет көрсету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 86 есе артты. Ал 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталып, аймақтағы геосаяси жағдай тұрақсызданған кезде астрологтар, спириттер және балгерлер қызметтеріне сұраныс күрт өсті.
Әлеуметтік желідегі балгерлік қызмет
Olx.kz хабарландыру сервисінің деректері бойынша, платформада эзотерикалық қызмет ұсынатын балгерлер, тарологтар, нумерологтар және рунологтар саны азайып келеді. Клиенттер де осы қызметтерді іздеуді сиреткен. Алайда эзотерика мамандарының айтуынша, бұл сұраныстың азаюы емес, мамандардың әлеуметтік желілерге көшкенін білдіреді.
Эзотерик Ляззат Жүнісованың пікірінше, адамдард эзотерика, психология және астрологияға қашанда қызыққан. Әлеуметтік желілердің дамуымен бұл тәжірибелер көпшіліктің назарын аудара бастады. Таролог Диана Балаянның айтуынша, қазір эзотерикамен айналысқысы келетін кез келген адам үйреніп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алады.
Клиенттер мен сұраныс
Эзотериктерге адамдар көбінесе махаббат, ақша, жұмыс орнын ауыстыру және өмірдің мақсатын табу мәселелерімен жүгінеді екен. Соңғы уақытта Диана Балаянға келушілер саны артып, олардың сұрақтары да терең әрі маңызды бола түскен. Сонымен қатар клиенттердің төлем қабілеті де артқан. Бизнесмендер мен саясаткерлер де эзотерикалық қызметтерге жүгінеді. Тарологтардың айтуынша, кәсіпкерлер тұрақты клиенттердің бір бөлігі. Олар бизнеске байланысты мәселелер бойынша кеңес алып, жағымсыз әсерден арылу үшін тазарту жоралғысын көп сұрайды.
Қызмет құны мен оқыту
Қазақстандағы эзотерикалық қызметтердің бағасы маманның деңгейі мен қызмет түріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, тарологқа бір сұрақ қою 500-ден 5 мың теңгеге дейін, ал бір сағаттық сеанс 20-50 мың теңгеге дейін тұруы мүмкін. Ал таролог болу үшін онлайн-курстың бағасы 15 мың теңгеден бастап авторлық әдістеме бойынша 600 мың теңгеге дейін жетеді.