Lifestyle

Америкалық рэпер Шон «Дидди» Комбс адам саудасы бойынша айыпталып қамауға алынды

Шон «Дидди» Комбс / коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Рэпер Шон «Дидди» Комбс адам саудасы бойынша айыпталып қамауға алынды деп хабарлайды BBC арнасы.

BBC мәліметінше, 1990-2000 жылдары хип-хоп музыкасының ең басты тұлғаларының бірі болған Шон «Дидди» Комбс (ол кезде Пафф Дэдди деп танылған) 17 қыркүйек күні сот шешімімен қамауға алынды. Оған рэкет жасау, адам саудасы және әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша айыптар тағылды.

Нью-Йоркте өткен алғашқы сот тыңдауында 54 жастағы Комбс өзіне тағылған айыптарды мойындамады, алайда судья Робин Тафронски оны кепілдікпен босатудан бас тартты. Прокурорлар оның қашып кету ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеді.

Комбсқа рэкет, мәжбүрлі адам саудасы және жезөкшелікке тарту мақсатында құрбандарды ел ішінде және халықаралық шекаралар арқылы тасымалдау сияқты үш айып тағылды. Айыптау қорытындысында, сондай-ақ Комбстың әйелдерге шабуыл жасағаны, оларға «соққы бергені, сүйрегені, заттар лақтырғаны және теуіп жібергені» туралы айтылған.

Болжам бойынша, бұл қылмыстар ондаған жылдарға созылып келген. Прокурорлар Комбстың құрбандарына күш көрсету, қаржылық және мансаптық зиян келтіру қаупімен қорқытқанын айтады. Сонымен қатар ол қылмыстарды жүзеге асыру үшін «қызметкерлеріне, ресурстарына» және өзінің бизнес-империясының ықпалына сүйенген.

Айыптау қорытындысында Комбстың барлық активін — рэпер басқаратын және иелік ететін кез келген мүлікті, қорларды мен компанияларды тәркілейтіні айтылған.

Шон Комбс кім?

Комбс, сондай-ақ Пафф Дэдди, Пи Дидди, лақап аттарымен белгілі, ең табысты рэп-магнаттардың бірі. Ол — рэпер, продюсер, кәсіпкер және 1993 жылы Bad Boy Records лейблін құрған дыбыс жазу компаниясының жетекшісі.

Комбс рэп-индустриядағы ықпалды тұлғалардың бірі. Оның арқасында Ашера, Мэри Дж. Блайдж және Фейт Эванс сияқты өнерпаздар танымал болды.

Іс қалай өрбіді?

Комбсты биыл наурыз айында рэпердің Лос-Анджелес пен Майамидегі үйлерінде жүргізілген тінтулерден кейін қамауға алды. Тінтулердің мақсаты – болжамды адам-саудасымен байланысты дәлелдерді табу.

Комбстың адвокаты Марк Агнифило соттың «әділетсіз айыптау туралы шешімінен» көңілдері қалғанын айтты. Ол өзінің клиентінің «кінәсіз адам» екенін мәлімдеді. Агнифило Комбстың «сотта өз есімін ақтауды» асыға күтіп отырғанын жеткізді.

Биылғы жылдың ақпан айында бұрынғы продюсер Родни Джонс кішігірім жаңа айыптауларды жария етті. Ол Комбстың өзін қудалағанын және басқалармен жыныстық қатынасқа түсуге «мәжбүрлемек» болғанын айтты.

Комбс барлық айыптауды жоққа шығарды. Алайда бір ай өткен соң, оның үйлерінде тінту жүргізілді.