Қазақстанда әскери қызметкерлерге құмар ойын ойнауға тыйым салынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Әскери қызметкерлердің құмар ойын ойнауына тыйым салынды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда әскери қызметкерлердің құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Заң 19 қыркүйектен бастап күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды.

Әскери қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы елеулі тәртіптік құқық бұзушылықтарға жатқызылды.

«Осылайша, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың тәртіптік жарғысына сәйкес, елеулі тәртіптік құқық бұзушылықтардың қатарына ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға, сонымен қатар ақша, заттар және басқа да құндылықтар үшін бәс тігулерге қатысуға тыйым енгізілді», – делінген құжатта.

Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындар мен бәс тігулерге қатыса алмайды. Осы шектеуді бұзғаны үшін оларды жұмыстан шығару қарастырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент букмекерлердің жарнамасына шектеу қойылатын заңға қол қойған еді.

Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

Сондай-ақ оқыңыз