Lifestyle

Астана әкімдігі паралимпиада жүлдегерлері Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шәмейге пәтер сыйлады

Астанада паралимпиада жүлдегерлерлеріне пәтер сыйлады / фото: Астана қаласы әкімдігі, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Париждегі паралимпиада жүлдегерлері Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шәмейге пәтер сыйлады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Жеңіс Қасымбек Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтер мен 30 млн теңге, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етті. Ал Ерғали Шәмейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақы, жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 млн теңге берілді.

Қала әкімі ақшалай сыйлықтар демеушілердің атынан берілгенін айтты.

«Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шәмей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр», – деп жазды әкім.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Жарлығымен Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталған еді.

Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен  наградталды. Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды. «Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатқа ие болды.