Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Wi-Fi 7 стандартындағы жетілдірілген Wi-Fi-ды Қазақстанда пайдалануға рұқсат берді. Бұл туралы Freedom Telecom баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның айтуынша, жаңа Wi-Fi 7 технологиясы қазір бірнеше жерде қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ 1 қазаннан бастап барлық пайдаланушы қоса алады.
Жаңа Wi-Fi қай жерде бар?
Freedom компаниясы алдағы үш жылда Қазақстанның 13 қаласында 37 000-нан астам жаңа Wi-Fi 7 нүктелерін орнатуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта интернеттің сапасын келесі мекенжайларда тексеруге болады:
- Астана – әуежай;
- Астана – «Хан Шатыр» СОО;
- Алматы – әуежай;
- Алматы – Esentai Mall алаңы;
- Алматы – Есентай өзені;
- Алматы – Тереңқұр;
- Қонаев – Орталық парк;
- Қонаев – Орталық жағажай;
- Тараз – «Көне-Тараз» тарихи-мәдени орталығы;
- Тараз – Орталық парк;
- Алматы облысы – Көлсай көлі.
Мысалы, Алматыда Тереңқұр бойымен Wi-Fi бір шақырымға дейінгі жерде қосылады. Көлсай көлі аймағында бұрын байланыс мәселесі қиындық тудыртатын, енді ол жақта Wi-Fi бар.
Қосылу барлық нүктеде тегін, бірақ қауіпсіздік мақсатында қоғамдық Wi-Fi-ға қосылу үшін телефон нөмірі арқылы авторизациядан өту қажет.
Сондай-ақ Freedom Telecom жақында халықаралық Wi-Fi Альянсына мүше болды. Компанияның басқарма төрағасы Қайрат Ахметовтің айтуынша, GSM және Wi-Fi Альянсы арқылы олар шетелдік сарапшылар қауымдастығына және өндірушілермен байланысқа қол жеткізе алады, бұл жұмысты жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Freedom Telecom бұған дейін Wi-Fi 7 жаңа технологиясын пилотты сынақтан өткізген еді. Компания Қазақстан нарығында кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ірі қалаларда Wi-Fi желісіне ашық қол жеткізу мүмкіндігін дамытуда. Компанияның филиалдары Астана, Түркістан, Шымкент, Өскемен, Атырау, Семей, Ақтау, Алматы, Қонаев және Тараз қалаларында орналасқан.