Жаңалықтар

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге мүдделі емес пе?

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

ХҚКО-да қазақша қызмет көрсетіле ме? Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген қазақстандықтардың басым бөлігі орыс тілінде қызмет алуды жөн көреді екен. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметі «Курсив» журналисінің сауалына осылай жауап берді.

Баспасөз хатшысы ХҚКО-да қызмет көрсету екі тілде жүргізілетінін, алайда ресми тілдің көбірек қолданылуына құқықтық негіз бар екенін алға тартты.

«ҚР Конституциясының 7-бабы, 2 тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», – деп жазылған жауапта.

Сонымен қатар мемлекеттік корпорация мамандарының мәліметінше, жеке адамның қалауы да басты нәрсе екен.

«Сәйкесінше қызмет алушы заң аясында қай тілде сұрау салса, мемлекеттік қызмет те дәл сол тілде көрсетіледі. Алайда халықтың басым бөлігі орыс тілінде қызмет алуды жөн көреді», – делінген баспасөз қызметінің берген жауабында.

Алайда редакцияның «сонда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қарасты ХҚКО-лар іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге мүдделі емес екенін растап отырсыз ғой?» деген сауалы жауапсыз қалды. Дегенмен корпорацияның баспасөз қызметі жауап береді деген үміттеміз.

Десе де баспасөз қызметі ХҚКО қызметкерлерінен қазақша білу талап етілетінін айтты.

Ақпаратқа сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ арқылы 1272 қызмет түрін алуға болады. Оның 47-і қағаз, 473-і қағаз және электронды, ал қалған 752-сі тек электронды түрде беріледі екен.

«Электронды жүйеде анықтамаларды қазақ және орыс тілінде алуға болады»,– делінген жауапта

Бұл сауалдың жолдануына qaz365.kz сайтындағы «Қызмет алушылардың 90 пайызы орыс тілінде талап етеді»: ХҚКО-дағы қазақ тілі мәселесі» деп аталатын мақала себеп болған еді.

Онда Алматы қаласындағы Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары «бөлімге қызмет алуға келген қызмет алушылардың 90 пайызы өтінішті орыс тілінде талап етеді» деп хабарлаған.

Осы ақпараттың нақтылығын тексеру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына «Курсив» журналисі сауал жолдаған еді.

Мемлекеттік корпорацияға қарасты ХҚКО келушілерді іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге ынталандыруға ниет таныта ма деген сауалдың басы ашық қалып отыр. Корпорация тарапынан жауап күтеміз.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы – 2016 жылғы 7-ші сәуірде құрылған. Оған сол кездегі инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы», Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлiгінiң «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны біріктірілген.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, Корпорацияның жалғыз акционері —  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. Құрылтайшысы – Қазақстан Үкіметі.