«Хезболла» кек қайтаруы мүмкін: Израиль Ливандағы жарылыстардан кейін, солтүстік шекарасына әскерін шоғырландыра бастады
Израиль мен Ливан арасында шиеленіс күшеюде. Осыған байланысты Израиль солтүстік шекарасына қарай әскерін шоғырландыра бастады. Мұндай шешімге Ливандағы пейджерлер мен рациялардың жарылыстары себеп болған. Израиль тарапы бұл оқиғаларға «Хезболланың» жауап қайтаратынына сенімді.
Солтүстіктегі қауіпке байланысты Газа секторында екі дивизия, яғни 162-ші және 252-ші дивизия қалған. Бұл жайлы Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант хабарлаған. Ол соғыстың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеген.
«Негізігі күштер солтүстікке қарай жылжыды. Біз әскери күшіміз бен басқа да ресурстарымызды, бар қуатымызды солтүстікке бағыттап жатырмыз. Меніңше, соғыстың жаңа кезеңі басталды. Бізге осы жағдайға қарай бейімделу керек. Бұл соғыс орасан зор батылдық пен табандылықты қажет етеді», – деп мәлімдеген Галлант.
Айта кетсек, қыркүйектің 17-і мен 18-і күндері Ливанда жаппай пейджерлер, радиолар, рациялар және басқа да жабдықтары жарыла бастады. Салдарынан 20-дан астам адам қаза тауып, бірнеше мыңдаған адам жараланған.
«Хезболла» ұйымы бұл оқиғалардың артында Израиль тұрғанын мәлімдеді. Жарылып кеткен құрылғылар елге 5 ай бұрын кіргізілген. Жабдықтар вирустық бағдарлама көмегімен жарылған немесе жабдыққа елге кіргізілгенге дейін детонатор орналастырылған болуы мүмкін.
Ливанда «Хезболла» тобы мүшелерінің бір-бірімен хабар алмасатын пейджерлері мен рациялары 17 қыркүйек күні жарылды. «Хезболла» мүшелері Израильдің арнайы қызметі тыңдайды деп смартфоннан бас тартып, байланыс үшін пейджерлерді пайдаланып келген.
Ал 18 қыркүйек күні Израиль Ливандағы Хезболла мүшелері пайдаланатын мыңдаған екіжақты радиостанцияларды және байланыс құрылғыларын да бір мезгілде жарып жіберген. Бұл оқиғадан кейін Ливан ішкі істер министрлігі кем дегенде 9 адамның өлгенін, 300 кісінің жараланғанын мәлімдеді.