Машина жасау саласы бойынша маман даярлайтын колледждерге жыл сайын 5 млрд теңге жұмсалады: депутат бөлінген қаражаттың ақталмай жатқанын айтты
Елде машина жасау саласы бойынша маман даярлайтын 274 колледж бар. Жылда 11 мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Бұл колледждерге мемлекет жыл сайын 5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсайды. Депутат Евегений Больгерттің айтуынша, мемлекеттің бұл салаға құйған қаражаты айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ.
«Бұл сала бойынша жыл сайын 11 мың адам оқып шығады. Бірақ ол мамандардың ішінен тек 20%-ы ғана машина жасау саласына барады. Сол 20 пайыздың біліктілігі де көбінде зауыт басшылығының көңілінен шыға бермейді. Қаражат құйылып жатыр. Студенттер саны да артқан. Бірақ білікті кадр әлі де тапшы»,– дейді Больгерт.
Осы орайда депутат техникалық мамандықтарды қаржыландыру тетігін қайта қарап шығуды ұсынып отыр. Сенатор қаражатты білім беретін мекемелердің нәтижелеріне қарай бөлу қажет деп санайды. Сонымен бірге білім беру үрдісіне жұмыс берушінің қатыстырылуы міндет. Солайша олар студенттердің өз талаптарына сай білім алуын қамтамасыз етеді.
«Ал Оқу-ағарту министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының әкімдіктерімен, Машина жасаушылар одағымен және басқа сарапшылармен бірлесіп, үш дуальды оқыту жобасы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруы керек. Бұл пилоттық жобалардың мақсаты шын дуальды оқытуға дайындық жасау», – дейді депутат.
Больгерт пилоттық жобалардың негізінде бұл тәсілдің артық және кемшін тұстары ескеріліп, оқу бағдарламалары мен нормативтік заңнамалық актілерге өзгеріс енгізе отырып білім сапасын жақсартуға мән беру қажет екенін айтады.
Еске сала кетсек, бұл мәселені премьер-министр Олжас Бектенов те айтқан болатын. Үкімет басшысы «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінгенін, алайда қабылданып жатқан шаралар кадр даярлау сапасына әсер етпегенін атап өтті. Сонымен бірге ол студенттер үшін колледжен кейін өз саласы бойынша білімін университеттерде жалғастыру мүмкіндігін беріп, грантқа түсу тетіктерін кеңейтуді тапсырды.