Мемлекет субсидиясымен көп егілген қант қызылшасын өңдеуге елдегі 4 зауыттың қуаты жетпейді – депутат

Жарияланды
Қант қызылшасы биыл 25,2 мың гектар жерге егілген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қант қызылшасы биыл 25,2 мың гектар жерге егілген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда екі есе көп. Ал Қазақстанда бар болғаны 4 зауыт қана. Осы орайда Сенат депутаты Сәкен Арубаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады.

Депутат қант өндірісін дамыту Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін, сол үшін бұл саланы дамытудың маңыздылығына тоқталған.

«Негізгі міндеттердің бірі – қант өндірісін дамыту арқылы импорт тәуелдігінен арылу және ауылшарушылығындағы стретегиялық салалардың бірі ретінде қант қызылшасын өсіруді қолдау», – дейді депутат.

Алайда қант өндірісі саласында бірқатар түйткілдер бар. Ол – шикізатты өндіру мен өңдеуге қатысты қиындықтар. Арубаев зауыттардың тозығы жеткен технологиялары, климаттық өзгерістер және импортқа деген тәуелділік бұл саланың дамуына кері әсерін тигізіп отырғанын айтады.

Биыл диқандарға қант қызылшасын өсіруге берілетін субсидия көлемі артқан. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде биыл егіс көлемі 13 400 гектардан 25 200 гектарға, яғни екі есе артқан.

«Өндіріс көлемі артқанына қарамастан, өңдеу мәселелері толықтай шешілмеген күйі қалып отыр. Жамбыл және Жетісу облыстары берген деректерге сүйенсек, биыл қант қызылшасының жалпы түсімі 2 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Өздеріңіз білетіндей елде қант қызылшасын өңдейтін 4 зауыт бар. Олардың әрқайсысының өнімді өңдеу көлемі жылына 200-300 мың тоннадан аспайды», – дейді Арубаев.

Мәселен, Жамбыл облысындағы қант зауытының жабдықтары әбден ескіріп, қуаты төмендеген. Негізінен кәсіпорынның жалпы қуаты 450 мың тоннаға жоспарланған. Іс-жүзінде қуаты 300 мың тоннадан аспайды. Тараздағы қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ екен. Бұл зауытта тек қант құрағы өңделеді. Қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған Ақсу қант зауытының Жетісу облысынан жиналатын 500-600 мың тонна өнімді игеруге мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Ал Жамбылдық диқандарға өз өнімін Жетісудағы зауытқа жеткізу тиімсіз.

«Бұл еліміздегі қант зауытттарының биылғы күтілетін өнімді өңдеуге мүмкіндігі жеткіліксіз дегенді білдіреді. Барлық зауыттың қуаттылығын есептегенде, жылына 870 мың тонна қант қызылшасын өңдеу мүмкіндігіміз бар. Сонда қалған 295 мың қант қызылшасын қайда жібереміз? Бұл мәселе диқандарды да алаңдатып отыр», – дейді депутат.

Егістіктерден жиналған барлық өнім өңделсе, 120 мың тонна қант өндіріледі. Бірақ бұл көлем ішкі нарықты толық қамтуға жеткіліксіз. Қазақстанның жылдық қажеттілігі шамамен 550 мың тонна. Демек ішкі нарыққа қажетті өнімнің 78%-ын шетелден импорттау қажет болады.

Өткен жылы елге 303 мың тонна қант әкелінген. Биыл 6 айда 206 мың тонна қант жеткізілген. Яғни биыл қантқа деген қажетілік артып отыр.

Осы орайда депутат:

  • қант өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру үшін жаңа инветициялар тартуды;
  • қант қызылшасына басымдық берген аймақтарда жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруды;
  • биылғы жылы Жамбыл Жетісу облысында өндірілген шикізатты қайта өңдеуге толық мүмкіндік жасай отырып, инфрақұрылымды жетілдіруді;
  • тасымалдау шығындарын азайтуға және қант қызылшасын зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыруды;
  • қант қызылшасын сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар салуды ұсынды.

Бұл егіннің шығынын азайтумен қатар, зауыттарға түсетін жүктемені теңдей бөлуге мүмкіндік беретінін айтады.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде Жетісу облысының шаруалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, қант шарушылығы саласына қатысты алаңдаушылықтарын жеткізген болатын. Олар да елдегі қант өңдеу саласының ақсап жатқанын айтқан. Шаруалар зауыттардың мәселесі шешілмей, Тоқаевтың 2026 жылға қарай қызылша қантының өндірісін 6 есе арттыруға қатысты тапсырмасын орындау мүмкін емес екенін жеткізді.

Ал 4 қыркүйек күні Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның импорт көлемін азайтып, қант өндірісін 70-80%-ға ұлғайтуды көздеп отырғанын айтты.

Министрдің мәліметінше, елде қанттың 40%-ы өндіріледі. Ал қалған 60%-ы cырттан әкелінеді. Сонымен бірге Шаққалиев елде зауыт салу мәселесі қарастырылып жатқанын, сол үшін барлық жағдай жасалатынын атап өткен болатын.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл мен Павлодар облыстарында қосымша 2 зауыт салу жобасы талқыланып жатқанын хабарлады.  

Сондай-ақ оқыңыз